АУЫЗСУМЕН ҚАМТУ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА ТҰР

0
76

Әлемде бүгінде тұщы ауыз су ретінде пайдаланылатын судың қоры азайып, көптеген елдерде ауызсуды үнемдеп пайдалануға көшуде. Бірқатар елдерде ауызсуға лайсаң, тазалығы күмәнді суларды, жерастының тузды, кермек суларын пайдалануға мәжбүр болып отырған елдер де бар. Сондықтан да дамыған, бақуатты елдердің халқының тұрмыс деңгейін салыстырғанда азаматтарын таза ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші де есепке кіреді. Қазақстанда әзірге ауызсу қоры жеткілікті болғанымен ауызсуды, жалпы барлық су атаулыны үнемдеу мәдениетін қалыптастырған да жөн.
Қазіргі кезде еліміздің елдімекендерінің басым бөлігі жерүсті, жерасты көздерінен шығатын таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Дегенмен түрлі жағдайлармен сапасыз ауызсуды немесе алыстан тасымалдап, тіпті ауызсуды сағатпен ғана тұтынып отырған елдімекендер тұрғындары да бар. Мемлекет басшысының қазақстандықтарды таяу жылдарда толықтай таза да сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес барлық аймақтарда арнаулы бағдарламалармен елдімекендерді ауызсумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жасалуда.
Түркістан облысында халық саны басқа өңірлермен салыстырғанда анағұрлым көп. Соған орай мұнда елдімекендер саны да артық. Сол елдімекендердің бірқатарына таза да сапалы ауызсу жүйелі жеткізілмейді. Сол кемістікті жойып, бүкіл облыс аймағындағы барлық елдімекендерді сапалы ауызсумен жабдықтау мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының мұрындық болуымен «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген болатын. Сол жоспарға сай облыста әр жылға белгіленген жоспар бойынша елдімекендерге су құбырлары тартылып, таза ауызсу жеткізілуде. Қазіргі кезге дейін Түркістан облысында 807 елдімекеннің 737-сі ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл өңірде 29 елдімекендегі 15 мыңға жуық халық ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Әкімдік мәліметіне сүйенсек, республикалық көрсеткішке сәйкес өңірдің қалалары 100 пайыз, елдімекендер 97,3 пайызға ауыз сумен қамтылған. Биыл ауыз сумен қамту бойынша 63 жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 15,7 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 34 нысан ағымдағы жылы пайдалануға берілсе, қалған 29 елдімекендегі нысан 2025 жылға өтпелі.
Елдімекендерді ауыз сумен қамту мәселесі облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде кезекті рет талқыланғанда аймақ басшысы Дархан Сатыбалды тұрғындарды ауыз сумен қамтудың маңыздылығына тоқталып, құрылысы созбалаңға салынған нысандар бойынша аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшысына нақты тапсырма берді. Жұмысты дұрыс атқармаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарауды тапсырды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың қорытындысымен өңіріміздегі елді мекендерді 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Ауыз су – ең маңызды және бірінші мәселе. Сондықтан әрбір жобаның барысына жауапкершілікпен қарау керек. Сондай-ақ нысандардың құрылысына жауапты тапсырыс берушілер мен мердігерлердің жұмысын қадағалау керек. Әрбір су нысаны сапалы, әрі уақтылы тапсырылуы тиіс. Ауызсумен қамту бойынша жаңа тәсілдер, гидрогеологиялық ізденістер, жан-жақты зерттеулер жүргізу қажет. Тапсырысты уақтылы орындамай, ауызсуды кешіктірген мердігерлермен заң аясында жұмыс жүргізіңіздер. Бұл мәселе қатаң бақылауда тұр,– деді облыс әкімі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, 41 елдімекенді ауызсумен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл елдімекендерді 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2024 жылы 50 елдімекен 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қалған 133 ауылды 2025-2027 жылдар аралығында тәулік бойы ауыз сумен қамту жоспарланып отыр.