ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЖАЙЛЫ ӨМІР СҮРУІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МАҢЫЗДЫ

0
93

Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету, абаттандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу маңызды. Өйткені, Мемлекет басшысы тапсырғандай азаматтардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуде осылар маңызды. Сондықтан да облыс орталығы Түркістан қаласында жоғарыдағы мәселелерге қала әкімі ерекше көңіл бөледі.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков Әкімшілік-іскерлік орталығы мен Жаңа қала аумағын аралап, берілген тапсырмалардың орындалуын тексерді.
Қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков “Тұран” тұрғын үй кешенінің аулаларын абаттандыру жұмыстары бойынша баяндады.
Құрылыс бөлімінің басшысы Нұркен Нақбаев 11-көшеде орналасқан 16/1, 21/1, 25/2 үйлерге қатысты белгіленген тапсырмалардың жүзеге асырылуы бойынша есеп берді. Мәлімдеуінше, тұрғындардың өтініші зерделеніп, өзекті мәселелер кезеңімен атқарылуда. Кей үйлердің жертөлесінде анықталған кемшіліктер мердігер мекемелермен қайта қалпына келтірілуде. 9-шы көшедегі 40/4 үйге қатысты шағымдар бойынша атқарылған жұмыстар да айтылды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы тапсырмалардың талапқа сай орындалуы маңызды екенін атап өтті. Қазіргі таңда Жаңа қала аумағында тұрғындардың арыз-шағымдарымен арнайы штаб жұмыс істеуде. “Түскен өтініштер назардан тыс қалмай, заң аясында шешілуі қажет”, — дей келе шаһар басшысы сала жетекшілеріне мобильді топтың үздіксіз жұмыс істеуін бақылауды тапсырды.
Сондай-ақ, жауаптыларға көгалдандыру мен тазалыққа қатысты бірқатар ескерту жасап, жұмысты ширатуды тапсырды.
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков І және ІІ мөлтек ауданды аралап, тазалығын тексерді. Сонымен қатар, көпқабатты үйлер бойынша өзекті мәселелерді саралап, бөлім басшыларының ұсыныстарын тыңдады.
Қазіргі таңда тозығы жеткен ауыз су құбырлары ауыстырылуда. Аулаларды абаттандыру ісі жүзеге асты. Жауапты бөлім басшысына ойын алаңшалары мен футбол алаңшаларында анықталған кемшіліктерді тез арада жоюды, мердігер мекемеге заң аясында шара көруді тапсырды.
Сондай-ақ, мөлтек аудан аумағындағы бос жерлерді көгалдандыру, ағаш отырғызу, қажет деп табылған орындарға қоршаулар қою жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
— Тазалық маңызды. Қоқыс контейнерлеріне айына бір рет тұрақты түрде тексеріс өткізу қажет. Тозығы жеткендерінің мерзімінде жаңартылып отыруы қадағалансын. Сектор басшысы мен мамандары тұрғындардың қатысуымен аулаларда сенбілік өткізуді ұйымдастырсын. Өзі тазалыққа атсалысқан адам өзгелердің қоқыс тастауына жол бермейді, — деді шаһар басшысы өз сөзінде.
Демалыс аймағына айналатын нысанда қазіргі таңда футбол және ойын алаңшаларының негізі қалануда. Орындықтар орналастырылып, жаяулар жолы төселуде. Сонымен қатар мұнда түнгі жарықшамдар қойылып, арнайы автотұрақ жасақталады.
Нұрбол Әбдісаттарұлы құрылысты мерзімінде аяқтау үшін мердігерге жұмысшы санын арттыруды тапсырды. Нысанның сапалы атқарылуын бақылауға белсенді азаматтарды тарту қажеттігін де ескертті.
Сондай-ақ, аралау барысында шаһар басшысы сектор жетекшісіне Бірліктегі тазалық жұмыстарын ширатуды жүктеді.
Түркістанда қала әкімінің бекіткен кестесіне сәйкес өткен кезекті сенбілікке 800-ге жуық белсенді азаматтар қатысып, 10 техника жұмылдырылды.
Шаһардағы О.Жандосов, Ә.Жангелдин, Б.Майлин, Тынышқұлов көшелері мен Балтакөл тас жолы қоқыстар мен қураған шөптерден тазартылды. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесіндегі ретсіз жарнамалар түзетіліп, кәсіпкерлік нысандардың қасбетін ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.
Тазалық шарасына атсалысқан табиғат жанашырларының айтуынша, әрбір жеке тұлға тазалықты өз ауласынан бастауы қажет. Үйден шыққан қоқысты арнайы орындарға тастап, қоршаған ортаны қорғау мен абаттандыруға үлес қосуы тиіс.
Айта кетейік, биылғы жылдың сәуір айында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы басталған болатын. Осыған байланысты қаламызда апта сайын жүйелі түрде тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді.