ҚАРҚЫНДЫ БАУДА ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫСТАР ЖАСАЛЫНУДА

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан сан-салалы жұмыстардың түпкі нәтижесі мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту екені белгілі. Сондықтан да ұлттық жобаның толық жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әрбір маңызды басқосуларда қала, аудан басшыларына бағдарламалар мен жобалар арқылы өңірдің дамуын қамтамасыз етуге беріліп отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз аймақтарының әлеуметтік-тұрмыстық, өндірістік-экономикалық дамуына қарқын қосуды тапсырып келеді.
Таяуда өткен аппарат мәжілісінде де Отырар ауданының басшылығы аудандағы маңызды мәселелерді қаузап, өңірдің қарқынды дамуын қамтамасыз етуді қарастырды.
Отырар ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат қызметкерлері, ауыл округі әкімдері, бөлім басшылары мен тиісті мекеме қызметкерлері қатысты. Аталған мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе көтерілді.
Бірінші мәселе бойынша аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Бекмұрат жаңа оқу жылына дайындық және білім саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Отырар аудандық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінің ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық білім басқармасы арқылы қаржы қаралып, мердігерлер анықталған. Бүгінде жөндеу жұмыстары басталып, кезең-кезеңімен іске асуда. Жазғы демалыс күндері де аяқталып, жаңа оқу жылы жақындап келеді. Осыған байланысты аудан басшысы мектептердің жаңа оқу жылына дайын болуы керектігін айтып, жөндеу жұмыстарының уақытылы сапалы жүргізілуін қадағалауды тапсырды.
Аудан аумағындағы құрылыс жұмыстарының барысы туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы М.Есінбек баяндаса, 2025-2030 жылдарға арналған ауданның стратегиялық даму жоспары туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Б.Сыздық хабарлама жасады.
Мәжіліс барысында көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып, алда атқарылар жұмыстар пысықталды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар беріп, тапсырмалардың орындалуы өз бақылауында болатынын жеткізді.
Ауданда мемлекеттік бағдарламалардың жеңілдіктерін пайдалана отырып өз кәсібін ашып, бүгінде дөңгелентіп отырғандар аз емес. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы қарқынды бау ісін қолға алып, өз кәсібін өрге сүйреп отырған серіктестіктің шаруашылығымен танысты. Аралау барысында Қоғам ауыл округі аумағында орналасқан «Отырар-Құрал» ЖШС-нің басшысы Наятулла Бөрібаев қарқын бау шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстары туралы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Айта кету керек, жобаның инвестициялық құны бүгінгі таңда 150 млн. теңгені құрайды. Серіктестіктің меншігінде 50 гектар жер болса, бүгінде оның 25 гектарына Түрік елінен әкелінген алма, өрік ағаштарының көшеттері отырғызылған. Қазіргі таңда, бауда алманың Ред делишес, Голден делишес, Гала, Гренни смит сорттары бар.
Шаруашылық иесі дәнді дақылдардан бөлек сүйекті дақылдарды өсіруді де қолға ала бастаған. Соның ішінде шабдалы көшеті, балды сабинг, қараөрік, сары өрік сияқты жемістердің сұрыптарын, өсімдіктер питомнигі арқылы өзге де жеміс-дақылдарды егіп, өнімін өз елімізден бөлек өзге елдерге де экспорттауды жоспарлап отыр.
Қожалық жұмысына оң бағасын берген аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлы қарқынды бау көлемін арттыру ісін одан әрі жандандыру керектігін, қажет болса мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді алуға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.