САЛЫНЫП ЖАТҚАН ТЕМІРЖОЛ ӨҢІР ДАМУЫНА ОҢ ЫҚПАЛ ЕТПЕК

0
65

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыруда ішкі және трансаймақтық, халықаралық теміржол желілерінің маңызы үлкен. Өйткені, әлемде барлық жүк тасымалдау көлемдерінің елеулі бөлігін теміржол тасымалдары орындап отыр. Сондықтан да егемендік алғалы еліміз аумағында аймақтарды байланыстыратын, жүк тасымалдарын тиімді жүзеге асырып уақыты мен шығынын азайтатын теміржол желілерін салу қолға алынып, оған Ел басшысы тікелей белсенді араласып отыр. Сондай маңыздылығы жоғары, ел экономикасының дамуына ықпал етерлік теміржол желісінің тармағын Түркістан облысында салу да Президенттің бастамасымен қолға алынған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Сарыағаш-Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы темір жол құрылысын жүргізу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауапты сала басшыларының қатысуымен мәжіліс өткізді. Жергілікті әкімдік тарапынан теміржолдың жүретін жері белгіленіп, жерді рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Осыған сәйкес тиісті аудан әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Жұмыстарды ширату бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Түркістан облысында ұзындығы 152 шақырым болатын Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы былтыр қарашада басталды. Оның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу пункті ашылады. Бұл теміржол торабы бойынша жүк ағыны болашақта 20-25 млн тоннаға дейін артуы мүмкін.
Маңызды жоба Түркістан облысын республиканың магистральдық теміржол желісіне қосу арқылы оның дамуына үлес қоспақ. Жоба Сарыағаш стансасындағы кептелістерді азайтып, Өзбекстанға экспорттық жүк тасымалдауды арттырады.
Жаңа теміржол желісін салу қолданыстағы Сарыағаш – Ташкент учаскесінен жүктерді жаңа тармаққа қайта бағдарлауға, «Сарыағаш» станциясының жүктемесін азайтуға және жалпы Өзбекстан бағытында экспорттық тасымал көлемін арттыруға жол ашады. Теміржол желісі салынып жатқан бұл бағыт республикалық теміржол желісіне қосылып қана қоймай, Түркістан облысын кесіп өтетіндіктен, осы өңірдің дамуына оң ықпал етпек. Теміржол желісі іске қосылған кезде бірінші кезекте Өзбекстан мен Қазақстанның арасындағы жүк тасымалдау, оның ішінде Түркістан облысының өнеркәсібін дамытуға септігі тиетін тасымалдау жүзеге асады.