СЕНБІЛІКТЕР ҚАРА КҮЗГЕ ДЕЙІН ЖАЛҒАСАТЫН БОЛАДЫ

0
57

«Таза Қазақстан» бағдарламасы облыс көлемінде уақытылы өткізілуде. Қазіргі таңда жалпы аудан, қалаларда 291 ауқымды іс-шарасы өткізілді. Жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес, 807 тазалық шарасын өткізу жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Жалпы барлық аудан, қалаларға кіреберіс аумақтары мен жолдардың бойы тазаланып, ретке келтірілген. Өткен аптаның ішінде, 10 ауданның 33 елді мекенінде ауқымды сенбілік өткізілген. Нәтижесінде 3 236 тұрғын қатысып, 554 қоғамдық жұмысшы тартылған. Сонымен қатар 59 техника жұмылдырылып, 66,8 тонна қоқыс шығарылды.
Түркістан өңірінде «Taza Qazaqstan» қосымшасы пилоттық режимде сәтті іске асырылуда. Бүгінде 320 өтінім түсіп, оның 297-сі орындалған. Қалғаны орындалу барысында, ал оннан аса өтінім мағынасыз болғандықтан қайтарылған. Бұған қоса қосымшаны кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуіне байланысты, платформада өтінімдердің саны көбеюде. Бір аптаның ішінде 33,3% өсіп отыр.
Өңір басшысы аталған ақпараттық жүйемен жұмыстарды жүргізу Президент Әкімшілігінің тікелей бақылауында екенін атап өтті. Аудан, қала әкімдіктері бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет, деді. Апта сайынғы кеңестерде, өңірлердегі қосымшамен жұмыс деңгейі бойынша баяндауды тапсырды.
жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасының өтуі тұрақты қадағалануда. Облыс көлеміндегі республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші кезекте қасбеттерін сырлау, әрлеу, біркелкі түске бояу және түрлі-түсті гамма жарықшамдарын қолдану бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ордабасы ауданы Темірлан ауылында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасы аясында жалпыаудандық сенбілік өтті. Тазалық шарасына аудан ардагерлері, қоғамдық ұйым жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, ауыл әкімдері, мекеме қызметкерлері, жастар, ауыл тұрғындары қатысты. Іс-шарада аудан орталығындағы орталық көшелерде, саябақта тазалық жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, сенбілік барысында мәдени және спорттық іс-шаралар өтті. Қатысушылар көшелерді тазалау, иригация жүйелері мен аяқ жолдарды тазалау, абаттандыру және қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, ағаш түптерін әктеу, ретсіз өскен бұта мен шөптерді жинау жұмыстары атқарылды. Жалпы сенбілікке аудан бойынша 500-ге жуық адам қатысып, арнайы техникалар жұмылдырылды.
Сол сияқты шалғай жатқан Созақ ауданына қарасты ауылдар мен елді мекендерде «Таза Қазақстан» республикалық шарасы аясында сенбілік жұмыстары өтті. Сенбілікке 1900-ға жуық мекеме қызметкерлері, тұрғындар мен белсенді жастар және 16 арнайы техника жұмылдырылды.
Аудан аумағын көркейту-көгалдандыру жұмыстарын өз бақылауына алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ішкі көшелер мен әлеуметтік нысандардың ауласын аралап, қосымша атқарылу керек жұмыстарды пысықтады.
Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары жұмыла кірісіп, аялдамаларды, ішкі көшелер мен саябақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Бұған қоса су өткелдері, көпірлер, өзен, канал, бұлақ, арық бойлары тазаланып, көше бойындағы талдардың түптері әктелді. Түркістан бағытына шығар жол бойындағы “Жасыл белдеу” аумағындағы шөптерді отап, егілген тал көшеттерін күтіп-баптау, суару жұмыстары жүргізілді.
Оған қоса 33 шақырым көше бойлары мен 18 шақырым аяқ жолдар ретке келтірілді. Өзен-көлдер мен арықтардың 9 шақырымы тазаланып, полигондарға сенбілік барысында 69 тонна қоқыс тасымалданды.
Ал, Жетісай ауданына қарасты қала, кент, барлық ауылдық округтерде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, белсенді азаматтар мен ерікті жастар, жергілікті тұрғындар қатысты. Жалпы саны мыңнан астам адам мен 10 техника жұмылдырылған сенбілікке аудан тұрғындары біркісідей атсалысты.
Санитарлық тазалық жұмыстарына қатысушылар негізінен көппәтерлі тұрғын үйлер мен саябақтардың, скверлер мен аллеялардың, автожолдар мен тұрғындар көп жүретін орындардың маңындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды тазартып, шөптерін шауып, қураған ағаштарды бұтады.
Осындай сенбіліктер басқа аудан, елдімекендерде де өткізілді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясындағы сенбіліктер облыс аумағында қара күзге дейін жалғасатын болады.