КӨНЕ ҒИБАДАТХАНА КЕШЕНІ ҒЫЛЫМ ҮШІН БАҒАЛЫ ОЛЖА -3
Археолог Гүлмира Стамқұлова: «Бұл жерлеу орындары сол заманның өзінде көп тоналған. Бір емес бірнеше рет тоналған. Тоналғандығының белгісі тонау кезінде тонаушылар мүрделердің сүйектерін жан-жаққа шашып, қорымның астан-кестеңін шығарады. Қолдарына түскен қымбат жәдігерлерді түгел сыпыра алып кетуге тырысады. Дегенмен кей бұйымдар қалып қояды. Көріп тұрғандарыңыздай бұл — алибастр. Сол кездегі адамдарда тірі күнінде қолданған заттарын о дүниеге барғанда да қолданады деген сенім болған. Сондықтан да қайтыс болған адамдардың киімдерін, ыдыс-аяғы мен кей кездері жауынгерлік қару-жарағын өзімен бірге моласына салып, мүрденің жанына қойып жерлейтін болған», дейді.
Археологтардың айтуынша, бұл аумақтағы зерттеу жұмыстары бірнеше жылға созылады. Ал Каңлы мемлекеті кезеңінің артефактілері, әсіресе, ғибадатхана кешені мен жерлеу орындары сияқты нысандар – қазақстандық ғылым үшін үлкен жетістік. Табылған барлық жәдігерлер республикалық Орталық мемлекеттік мұражайына сақтауға беріледі.