ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕГЕ ЛАЙЫҚ ҚАЛАҒА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ -1

0
60

Бүкіл түркі халықтары үшін қасиетті қала Түркістан осыдан алты жыл бұрын жаңа Түркістан облысының орталығы болып белгіленді. Содан бері ол қайта құлпырып, сәулеті мен сәні келісіп, тек облыс орталығы ретінде ғана емес, түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы болып қалыптасты. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды 30 тамыз – Конституция күніне арналған салтанатты шарада өңірдің бірқатар жетістіктеріне тоқталды.
Қалада түрлі нысандар бой көтеріп, инфрақұрылымы қалыптасқан жаңа сәулетті шаhарға айналды. Биыл Түркістан қаласы түркі әлемінің туристік астанасы болып жарияланды. Қалаға Мемлекет басшысының тапсырмасымен ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралуда. Алдағы уақытта бұл құжат өңірдің дамуына айрықша серпін бермек. Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы да қарқынды жүруде.
Облыс экономикасының басты көрсеткіші жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы 7 айда 2,9 трлн теңгеге жеткен. Ауқымды өндіріс орындарын қалыптастырып, энергетика тапшылығын шешуде маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Сайрамда 1 000 МВт станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Түлкібаста 320 МВт, Кентауда 240 МВт газ турбина станциялары, Сауранда 300 МВт күн электр станциясының жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Жаңа өнеркәсіп көздерін ашуға қажетті электр қуатымен қамтамасыз етеді. Электр энергия бағасы 47 теңгеден 25 теңгеге түсірілді.
Өнеркәсіп өнім көлемі биыл 7 айда 6,6 пайызға артып отыр. Сауран ауданында 100 гектар аумақта шағын өнеркәсіптік парк жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жерде 160 өндірістік ғимарат салынып, 100 астам инвестициялық жоба іске қосылады. Нәтижесінде 5 000 жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Парк аумағында жиһаз фабрикасы, жаңбырлатып суғару қондырғылары өндірісі ашылып, қолданыста.

(жалғасы бар)