БІРЛІК КЕРУЕНІ КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫНА АТТАНДЫ

Түбі бір түркітектес халықтар мекендейтін Орталық азия елдері егемендіктерін алып, дербес даму жолына түскен соң, біртіндеп еңсесін жиып, келеді. Өтпелі кезеңнің ауыртпалықтарынан өткен соң бұл мемлекеттердің басшылары алдымен әлеуметтік-экономикалық салаларда бірлесіп жұмыс жасауды бастады. Одан соң ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инвестиция және басқа да салаларда байланыстарын нығайтып, ірі ортақ жобаларды қолға ала бастады. Соңғы жылдары орталықазиялықтар мәдени-рухани, ұлттық спорт пен өнер салаларында бірлесіп, жаңа жобаны іске асыра бастады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары деп аталатын бұл бағдарлама бойынша аталмыш елдер өздерінің ортақ көшпенділік тарихын жаңғыртып, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, ұлттық қолөнер, қолданбалы шығармашылық, көшпенділерге ортақ ұлттық спорт пен өнер түрлерін де қайта дамытуда. Бұл жобаға әлемнің әр шалғайындағы ата-балалары көшпенді өмір сүрген мемлекеттер де біртіндеп қызығушылық танытып, қатысуда. Бүгінде бұл шараға әлемнің тоқсанға жуық елдерінен өкілдер қатысуға ниет білдіріп отыр.
Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Осыған байланысты Түркістан облысынан «Бірлік керуені» жобасы ұйымдастырылып, түркістандық керуен елордаға жолға шықты. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, торсықты теңге ілуден ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия, Әлем чемпионы, ҚР чемпионатының 10 дүркін, Ересектер арасында ҚР чемпионатының 15 дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының мүшесі Ғалымжан Изжановқа тапсырды. Қатысушыларға жеңіс тіледі.
– Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының өту бағыты спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалар бойынша жүзеге асады. Сондықтан, маңызды шараның өтуіне өңір спортшылары ғана емес, мәдениет және ғылым өкілдері де атсалысатын болады. Олар «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей ата-бабалардан қалған салт-ғұрыптарды жаңғырта отырып, олардың озықтарын және замана дамуына ілесе алатын инновациялық түрлерін қайта жаңғыртуды мақсат тұтады.
Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына баратын әр облыстың белігілі спортшылары бастаған керуен жергілікті жердегі қасиетті бұлақтар мен құдықтардан су алып, арнайы торсықпен Астана қаласына жеткізетін болады.
«Осыған орай, су алу рәсімін өткізуде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішіндегі Құдықханабұлақ көзі таңдалып отыр. Қазір ғана біздің спортшыларымыз бастаған арнайы топ құдықхана ішінен су алып, алдарыңызға келді. Мен осы орайда, көшпенділер ойындары өтетін негізгі алаңға облыстың ыстық сәлемін, қасиетті суды жеткізетін керуенге сәттілік тілеймін! Бұл додада ел намысын қорғайтын облыс спортшылары қуантарлық нәтиже көрсетеді деп сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев.
Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары спорттың 21 түрі бойынша өтеді. Оған әлемнің 89 елінен 2000-ға жуық спортшы, бапкерлер мен өкілдер қатысып, негізгі жүлделерді сарапқа салмақ. Оның ішінде спорттың 13 түрі бойынша Қазақстан құрамасының сапында Түркістан облысынан 29 спортшы қатысады. Ол спортшылардың көпшілігі әртүрлі деңгейдегі жарыстарда, оның ішінде ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарда жүлде салған тәжірибелі спортшылар. Сондықтан да жерлестеріміз алдағы дүниежүзілік додаларда ел қоржынына жүлделер салып, облысымыздың ұлттық спорттағы деңгейңн көрсетеді деп үміттенеміз. Сол сияқты ғылым мен мәдениет, өнер саласы бойынша қатысатын түркістандықтар да өз салалары бойынша биіктен көрінеріне сенеміз.