ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ МЕКТЕП АВТОДҮКЕНІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

0
65

Мемлекет тарапынан жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуын қамтамасыз ету үшін «Жайлы мектеп» жобасы мен басқа да бағдарламалар қабылданып, білім ордаларының, оқу процесі өтетін пәндік кабинеттердің заманауи құралдармен жабдықталуын, озық әдістермен білім беруді жүзе асыруда. Дегенмен тұрғындар арасындағы көпбалалы және тұрмыс деңгейі төмен отбасыларының балаларын әр оқу жылында мектепке дайындауда қиыншылықтарға тап болатынын ескеріп, республикалық «мектепке жол» акциясын өткізу арқылы ондай отбасыларына қолдау жасалу да жолға қойылған. Мемлекет тарапынан басталған бұл шараға қоғамдық ұйымдар, түрлі мекеме, компаниялар мен жеке бизнес өкілдері де үлес қосуда. Жылдағы дәстүр бойынша жаңа оқу жылының алдында бірінші тамыздан бастап ел бойынша қолға алынатын «Мектепке жол» республикалық акциясына Түркістан облысында да белсенділікпен үлес қосылуда.
Аталмыш акцияға шалғай жатқан ауылдардағы отбасылар да қамтылып, балаларын жаңа оқу жылына мектепке дайындауына қолқабыс жасалуы үшін облыс аумағында шалғай ауылдарға мектепке қажетті құралдар, керек-жарақтармен арнайы автодүкендер ұйымдастырылуы қолға алынуда. Келес ауданының білім бөлімі “Мектепке жол” республикалық акциясы аясында “Жалпыға бірдей оқыту қоры шеңберінде материалдық және қаржылай көмекті іске асыру бойынша” іс-шаралар жоспарына сәйкес, мектеп оқу құралдарын төмендетілген бағамен сату мақсатында мектеп автодүкені қызметі ұйымдастырылып жатыр.
— Автодүкеннің басты мақсаты — кәсіпкерлерді тарта отырып шалғайдағы ауылдық елді мекен тұрғындарына төмендетілген бағамен мектепке қажетті құрал жабдықтарды ұсыну. Мұндай автодүкен алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл орайда ата-аналар тарапынан ерекше белсенділік те байқалып отыр, — дейді бөлім әдіскері Қайыржан Полатов.
Автодүкен Келес ауданының шалғайдағы 6 ауылдық округіне барады. Шара шалғайдағы ата-аналарға қолайлы жағдай жасау үшін ұйымдастырылған.
Сол сияқты оқу жылы басталар қарсаңда теріскейде жатқан Созақ ауданының орталығындағы Жібек жолы көшесінің бойында «Мектепке жол» акциясы шеңберінде жәрмеңке өтті. Шара барысында көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан 20 баланың ата-анасына облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбековтің демеушілігімен 50 мың теңгеден қаржылай көмек табысталды.
Жәрмеңкеге жергілікті кәсіпкерлер қатысып, кеңсе құралдары мен оқушылардың мектеп формаларын қолжетімді бағада тұрғындарға ұсынып, олардың балаларына керек-жарағын арзан бағада сатып алуына мүмкіндік жасалды.
Айта кетейік, биылғы оқу жылы қарсаңында аудандағы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың мектеп жасындағы 1250 балаға мемлекет тарапынан 43 мың 407 теңгеден 54 млн. 258 мың 750 теңге жеке көмек қарастырылуда.
Бұдан бөлек, аудан әкімі аппараты мен бюджеттік мекемелер тарапынан әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан 107 балаға оқу құралдары мен мектеп формалары, аяқ киімдері және сөмкелер табысталуда.