“ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ” ЖАҒДАЙЫ — ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

Қазақстан Республикасында жас ұрпақты білімді де білікті, белсенді де тәрбиелі етіп өсіру, мемлекеттің ертеңгі күнінде елімізді дамыған мемлекеттер қатарына қосып, бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына көтеруге сол бүгінгі жас ұрпақ үлес қосатын болады. Сондықтан да, мемлекеттік білім саясатына сай «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы іске қосылған. Бұл жобаға сійкес салынатын мектеп ғимараттарында заманауи талаптардың бәрі сақталып, бастауыш сыныптар мен ересек сыныптар оқушылары екі бөлек корпустарда білім алатын болады. Ал, пәндік кабинеттер мен арнаулы бөлмелер, шеберханалар электроникалық, робототехника, цифрландыру, басқа да инновациялық жобалар негізінде жабдықталып, оқушылардың ең озық технологиялар бойынша білім алуына жағдай жасалады.
Еліміздегі ең көп “Жайлы мектеп” — Түркістан облысына тиесілі. 2024-2025 оқу жылдарында 63 жайлы мектептің құрылысы аяқталып, алғашқы оқушыларын қабылдайды деп күтілуде. Биыл пайдалануға берілетін 29 мектептің 21-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 800 орындық. 2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің 22-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 700 орындық.
Осы жылы Түркістан қаласында 3 жайлы мектеп ашылып, ел игілігіне пайдалануға беріледі. Облыс орталығындағы “Жаңа қала” мөлтек ауданында 2000 орынды 2 мектеп — өңірдегі ең үлкен жайлы мектеп. Бүгін білім күнінде Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы жайлы мектептегі дайындық жұмыстарын пысықтады. Білім ордасының қауіпсіздігінен бастап, оқу кабинеттері, асхана мен спорт зал, акт залдарды аралады. Мектепке даярлық сыныппен бастауышқа арналған корпусқа да шолу жасап, қажетті жабдықталған құралдарын да көрді.«Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілдерімен жолығып, мектепті пайдалануға берілу процессін жылдамдату жайы сөзі болды. Білім ұясын толық аяқтап, ел игілігіне беретін күн де алыс емес дейді мердігер компания.
Айта кетейік, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған. Ал, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. 2025 жылы пайдалануға берілетін 26 100 орындық 34 мектептің құрылысын іске асыру жоспарына сәйкес, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету 2025 жылғы 1 тамызға жоспарланған. Әрине бұл жоба онымен тоқтап қалмай облыс аумағында жаңа заманға сай білім беру ордалары салына бермек.