ХАЛЫҚТЫҢ ТІЛЕГІН ТЫҢДАП, ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТЫН АШУДА

Мемлекет басшысы жергілікті әкімдіктерге, басқа да жауапты сала басшыларына азаматтармен қарым-қатынасты жүйелеп, жиі кездесіп, халық алдында атқарылған және атқарылатын жұмыстарды таныстырып, байланысып, олардың талап-тілектеріне көңіл бөлуді тапсырған. «Халық үніне құлақ асатын үкімет» жобасы бойынша кейінгі жылдары билік пен халық арасындағы байланыс пен өзара сенім қалыптасып нығая түсуде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өзі бас болып аумақ тұрғындарымен жиі кездесіп, жеке қабылдаулар өткізіп халықтың көңіл-күйін, мұң-мұқтажын саралап отырады.
Бұндай үрдіс облыстағы барлық қала, аудандардың басшыларына да міндеттелген. Және тұрғындардың арыз-шағымын, өтініш-ұсынысын тыңдап қана қоймай, олардың орындалуын қамтамасыз ету бойынша да жұмыс жасалуда. Таяуда Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова тұрғындарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдау өткізіп, өтініштерін тыңдады.
Жеке қабылдау барысында азаматтар тұрғын үй кезегі, тұрақты жұмыс, әлеуметтік көмек, жер телімі құжаттарын рәсімдеу және тағы басқа да жәрдем түрлеріне қатысты сауалдарын қойып, қаланы дамыту бойынша өз ұсыныс-тілектерін білдірді.
Қабылдауға алдын ала жазылған 20-ға жуық тұрғынның шағымдары толығымен тыңдалды және ұсыныстары да ортаға салынды. Жалпы айтқанда, қабылдауға жазылған азаматтар тарапынан көптеген арыз-шағымдар да, өтініштер де, ұсыныстар да тыңдалды.
Шаһар басшысы барлығын сараптай, саралай келе, баршасына толықтай жауабын берді. Шешімі бар мәселелерге қатысты жауабын сол жерде берсе, кейбірін өзінің орынбасарлары мен жауапты бөлім басшыларына заң аясында шешуге тапсырма жүктеді.
Сондай-ақ, тұрғындардың құқықтық, қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба Түркістан облысының аймақтарында да жүріп жатыр. Арыс қаласына қарасты Байырқұм ауылында «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша тұрғындарды тегін оқыту курсы жалғасуда. Бес күндік оқу жиынында арнайы сарапшы мамандар тегін тренинг өткізеді. Мұнда азаматтардың жеке және отбасылық бюджетті құрастыра білуінің артықшылықтарын меңгеріп шығады, азаматтардың тауарлық несиеге үміт артпай қажетті тауарлар мен қызметтерді алуына мүмкіндігін саралауды үйренеді, тұрғындарды несие мен қарыздың тұзағына түсірмеу жолдарын талдауға дағдыланады.
Сонымен қатар, бұғатталған есепшоттарды ашу бойынша құқықтық сабақтар өтіп, заңды шешу жолдарын үйрене алады.
Азаматтардың қаржылық мүмкіндіктерін бағалау негіздері, кіріс пен шығысты есептеу, шығындарды оңтайланлыру тәсілдері жөнінде оқу жиынына қатысушыларға лекторлар қызықты дәрістерін өткізіп, көрнекілік материалдарын таратты. Оқудың толық курсынан өткен тұрғындарға сертификаттар табысталатын болады. Арнайы сертификат иелеріне қаржы сарапшылары мен заңгерлері бір жыл бойына несие, бұғатталған шоттар, тағы сол сияқты қаржылық проблемалары бойынша тегін қолдау көрсететін болады
Айта кетейік, аталған жоба алдыңғы аптада Монтайтас ауылында өткен болатын. Келесі аптадан бастап қалаға қарасты басқа да ауылдық округтерде өтетін болады. Өтетін күні мен уақыты қала әкімдігінің ресми парақшаларында алдын ала жарияланатын болады. «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысу тегін болғандықтан мына нарықтық заманда қаржылық, несиелік сауаттылықтарын арттырғысы келген азаматтардың қатысқаны өздері үшін пайдалы. Халықтың несиелік, қаржылық, отбасының бюджетін жоспарлау мәселелерінде сауаттылығы артса тұрмысы жеңілдеп, керексіз қарызға батпай, алаяқтарға алданбай жайлы өмір сүру мүмкіндігі молаяды.