САЯСИ НАУҚАНҒА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛЫП КЕТТІ

Мемлекет басшысы «Жаңа қазақстан» құруда әділеттілік пен халық пен биліктің дұрыс қарым-қатынасын қалыптастырып, стратегиялық шешімдерді бүкілхалық болып бірлесе қабылдаудың маңыздылығын үнемі айтып келеді. Ол өзінің осы айдың басында қазақстандықтарға арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тіртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын Жолдауында да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын айта келіп «Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.
Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын.
Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деді.
Соған орай Түркістан облысының қала, аудандарында алдағы маңызды референдумды өткізуге қатысты іс-шаралар мен дайындық жұмыстары жан-жанты жүргізілуде.
Сайрам ауданы әкімдігінің мәжіліс залында 2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу және өткізудің ұйымдастырушылық аспектілерін жан-жақты талқылау туралы мәжіліс өтті. Аталмыш жиынға аудан әкімі Арман Сәбитов төрағалық жасады.
Жиынға тиісті сала және дербес бөлім басшылары, құқық қорғау органдары қызметкерлері, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері және ауылдық округ әкімдері қатысты. Басқосу барысында аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық, ақпараттандыру және мемлекеттік көрсетілетін қызмет мониторингі бөлімшесінің басшысы Жасұлан Саутбек қозғалған тақырыпқа қатысты баяндама жасады.
Атап айтқанда, аудан бойынша бекітілген сайлау учаскелері мен аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамы туралы сандық көрсеткіштерге тоқталды.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Арман Сәбитұлы жауапты тұлғаларға республикалық референдум өткізудегі дайындық жұмыстары мен ұйымдастыруды жүзеге асыру үшін бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Саяси науқан барысында сайлау учаскелерінің толыққанды жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету, сайлау округтері туралы ақпараттарды тиісті сайттар мен БАҚ беттерінде жариялау, көрнекті жерлерге референдумға шақыру бойынша баннерлер орналастыру, мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне тиісті жағдайларды жасау, қоғамдық қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру, желілік кесте бойынша белсенді насихат жұмыстары мен іс-шараларды жиі жүргізуді жүктеді.
Сонымен қатар, сайлау учаскелерін материалды-техникалық базасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.