АУДАН БАСШЫСЫ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ҚҰРЫЛЫСЫН АРАЛАДЫ

Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамуы мен жан-жақты өркендеуіне жергілікті атқарушы органдар жауапты екені белгілі. Сондықтан да Түркістан облысының әуімі Дархан Сатыбалды қалалар мен аудандардың басшыларының басын қосқан жиындарда өңірдің жан-жақты дауында ешқандай майда-шүйде деп қарайтын іс болмайтынын, барлық үлкенді-кішілі мәселелерді дер кезінде шешіп отыру мен ізденіспен жұмыс істеудің маңыздылығын атап айтып келеді. Сол сияқты өңірлердің дамуын қамтамасыз етуде инфрақұрылымдардың сапалы жүргізілуі де ерекше назарда болуы қажет.
Таяуда Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен бірге ауданның шығыс шекарасында орын тепкен Шақпақ ауылдық округіне арнайы барып, ол жердегі құрылыс және жол саласына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар барысын бақылады.
Бірінші кезекте, шығыс қақпадағы облыс атауы жазылған стеллада болып, оның қандай жағдайда екенін көріп, білді.
Нысанның кейбір тұстарының бүгінгі күн талабына жауап бере алмайтынын байқап, ондағы орын алған кемшіліктерді тізбектеп, ауыл әкіміне тез арада демеушілер есебінен стелланы ретке келтіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Ауқымды қаржыны қажет ететін жұмыстарға арнайы құжаттарды дайындауды тапсырып, өңіріміздің шығыс шекарасын айқындап тұрған нысан айналасының тазалығына қатысты ескертулер жасап, ретке келтіру керектігін атап өтті.
Содан соң, Нұржан Жақсылықұлы Шақпақ-баба елді мекенінің ішіндегі өткен жылдан өтпелі болып, мердігердің салғырттығынан кейінге қалып кеткен Айманбетов, Сапаров және Шүкіров көшелеріне арнайы барып, сол жерде жауапты мердігер мекеменің өкілімен кездесті.
Кездесуде, мекеме өкіліне асфальт жабындысы түспеген көшелерді тез арада ретке келтіру бойынша ескертулер жасап, жауапты бөлім мен ауыл әкіміне қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Келесі кезекте, аудан басшысы Шақпақ-баба және Абайыл елді мекендеріндегі жаңадан бой көтеріп жатқан медициналық тіректердің құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстар барысын бақылады. Жауапты мердігерге ауа-райының қолайлы шағын пайдаланып, нысанның іргесін көтеру, шатырын жабу және ауласын абаттандыру секілді жұмыстарды қарқындату керектігін ескертті.
Айта кетерлік, биыл аудан аумағындағы Абайыл, Тастыбұлақ, Мақталы және Шақпақ-баба елді мекендерінде заманауи медициналық нысандар бой көтеруде. Нысандар жыл соңына дейін толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сонымен бірге Түлкібас аудаының әкімі Нұржан Ізтілеуов орталық базардың иелерімен кездесіп, ретсіз сауда нүктелерін жою және ол жердегі санитарлық-тазалық жұмыстар бойынша жиын өткізді.
Жиынға аудандық полиция, округ әкімдігі және басқа да құзырлы органдардың өкілдері қатысып, ретсіз сауданы ретке келтіру, қызыл сызыққа шығып кеткен нысандарды жою және санитарлық-тазалыққа қатысты атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндамалар жасалды.
Басқосуды қорытындылаған аудан әкімі, орталық базар аумағындағы орын алған кемшіліктерді толық ретке келтіру бойынша арнайы жұмысшы топ құрып, күнделікті рейттік шаралар ұйымдастыруды жауаптыларға тапсырды.
Белгіленбеген орында сауда жасап отырған саудагерлерге Заң талаптарын түсіндіре отырып, Береке және Оспан базарынан орын белгілеп, сол жаққа көшу бойынша тиісті жұмыстарды жандандыру керектігін ескертті.
Ортақ тәртіпке бас имеген азаматтарға айыппұл салынатындығын қатаң ескерту керектігін атап өтті.