ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ ӨТТІ

Мемлекеттің рухани-мәдени саладағы саясатына байланысты ұлттық құндылықтарды насихаттап, халықтың рухын көтеру, аймақтың тарихи-мәдени жадын нығайту мақсатында Түркістан облысында арнайы облыстық өнер фестивалін өткізу қолға алынғалы екінші жыл. Өнер мерекесі Түркістан қаласында өтіп, оған барлық қала, аудандар кезегімен келіп өздерінің өңірлерін таныстырып, ұлттық құндылықтарды, ұлттық спорт пен дәстүр-салтты паш етіп отырады.
«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түркістан төрінде Созақ ауданының мәдениет күндері өтті. Аталған шара Этноауылдан бастау алып, ұлттық дәстүріміз кеңінен насихатталды. Ұлттық спортымызды ұлықтау мақсатында қошқар көтеру, асық ату, ләңгі тебу, арқан тартыс, гір тасын көтеру, қол күрес түрлерінен білекті палуандар арасында сайыс өтті. Сондай-ақ «Тарихы дара, жаңарған дала – Созағым!», «Сырым да сен, жырым да сен – Түркістан!» атты кітап көрмесі қойылып, Евразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, суретші Байғараева Ақмарал Бейімбетқызының «Қаратауым, құпиялым» тақырыбында жеке сурет көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылды.
Ұлттық дәстүрді насихаттап, өңірдің туристік әлеуетін арттыру мен рухани құндылықтарды нығайту мақсатында ұйымдастырылған шара сағат 19:30-да «Керуен сарай» кешенінде «Жайнай бер – Созағым, жарқыра!» атты аудан өнерпаздары және эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертке ұласты.
Аталған шара «Этноауыл» аумағында келесі күні де жалғасты. Онда салт-дәстүрлерге байланысты көріністер, ұлттық тағамдар мен қолөнер шеберлері жасаған бұйымдардың және аудандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, «Теріскей – таланттар мекені» атты аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы, «Қырық өтірік» тақырыбында көше театры стиліндегі көрініс-қойылым ұйымдастырылды.
«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивальі аясында Түркістан төрінде өтіп жатқан Созақ ауданының мәдениет күндері «Керуен сарай» кешенінде жалғасты. Аудан өнерпаздары және эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтіп, түркі әлемінің рухани астанасы әсем әнмен тербелді.
Салтанатты шараның ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ізгі тілегін арнап, ауданның тарихы мен жетістіктерін атап өтті. Ауданнан шыққан ақын-жазушылар мен атақты күйшілер жайында сөз қозғап, киелі Түркістан төрінде ұлттық құндылықтарды насихаттау созақтықтар үшін үлкен мақтаныш екеніне айрықша тоқталды.
Мерекелік шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Жиналған қонақтардың қарасы артып, шараны қызыға тамашалады. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі әншілері мен «Әзіл әлемі» театрының актері Аманғали Спабеков, танымал эстрада жұлдыздары Зарина Омарова, Бағдат пен Дима және RIO тобы өз өнерлерін паш етіп, мыңбұралған бишілер көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Шараны «Байдың балалары» жайдарман тобының капитаны Нұрым Досбол және жайдарманшы Жанболат Досбол жүргізіп, мерекелік кештің ажарын аша түсті.
Сол сияқты Түркістан облысы өңірлерінің өнерлілігінің тағы бір айғағындай болып Шардара қаласындағы “Қасиет» әлеуметтік-қызмет көрсету орталығының “Шардара» апалар тобы, КТК телеарнасында дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан “Кел, шырқайық» республикалық байқауында бірінші орынды жеңіп алды.
Байқауға Батыс Қазақстан облысының “Жайық», Жетісу облысының Еңбекшіқазақ ауданынан “Ғұмырдария» және Түркістан облысы, Шардара ауданынан “Шардара» командалары қатысып бақ сынады. Байқаудың барлық шарттарынан мүдірмей өткен шардаралық өнерпаз апалар 49 ұпаймен бас жүлдені жеңіп алды.