ҚЫЗМЕТ АЛУШЫЛАРҒА ЖАН-ЖАҚТЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

0
57

Елімізде халықтың күнделікті тұрмыста, әлеуметтік салаларда, өміріндегі жағдайларға байланысты мемлекеттік қызметтерді алуына барлық жағдай жасалынған. Дегенмен тұрғындардың арасында өзіне қажетті қызмет түрлерін қайда барып, қалай алуға болатынын білмек түгілі қандай қызметтерді алуға болатынынан да хабарсыздары бар. Мемлекет тарапынан халықтың құқықтық, қаржылық, әлеуметтік, тағы басқа да салалар бойынша көрсетілетін, ұсынылатын мемлекеттік қызметтерді алуы үшін оларды жұртшылыққа түсіндіріп отыруды мемлекет өзі жергілікті атқарушы органдар арқылы ұйымдастырып отыр. Барлық аймақтар мен өңірлерде жүйелі түрде «Қызмет алушы» күні іс-шарасы өткізіледі. Ол шарада әр жолы адам өміріндегі қажетті болатын салаларға қатысты тақырыптар рет-ретімен тағдалынып алынып, келуші көпшілікке мамандар түсіндіреді. Түркістан облысында «Қызмет алушылар күні» іс-шарасы таяуда Сарыағаш ауданында Білім беру саласы және соған қатысты басқа тақырыптар бойынша өткізілсе, ал Жетісай ауданында халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді келушілерге түсіндіру бойынша өтті.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған қадамдық жоспары бойынша Білім беру саласы — балабақшалар, мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыту және тағы басқа да тақырыптарда «Қызмет алушылар күні» іс-шарасы өткізілді.

Сарыағаш аудандық білім ғимаратында өткен іс шара барысында бөлімнің қызметкерлері тарапынан түсіндіру шараларымен 15 қызмет алушы тұрғындар қамтылып, қызметті алу барысында туындайтын проблемалық мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Айта кетсек, «Қызмет алушылар күні» іс-шарасы алдағы уақытта жоспарға сәйкес басқа да салалардағы тақырыптармен жалғасын табатын болады.

2024 жылдың 23 шілдесінде Жетісай қаласында орналасқан Жетісай аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімі ғимаратында азаматтарды тіркеу-тұрғылықты жері бойынша тұрақты және уақытша тіркеу, қандас мәртебесін алу, кетуге құжаттарды рәсімдеу  және тағы да басқа мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді тұрғындарға түсіндіру мақсатында «Қызмет алушы күні» іс-шарасы ұйымдастырылып өткізілді. Іс-шараға ішкі істер, халыққа қызмет көрсету, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің мамандары қатыстырылып, қызмет алушыларға жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.