ЕЛДІМЕКЕНДЕР ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҚСАРТЫЛУДА

0
63

Ел басшысы өз жолдауларында мемлекетіміздің басты құндылығы адамдардың жайлы өмір сүруін бірінші кезектегі міндет ретінде қарастырады. Сол себепті қазақстандықтардың ілеуметтік-тұрмыстық жағдайының деңгейін үнемі көтеріп отыруды тапсырған. Мемлекет басшысының халықтың жайлы да жақсы өмір сүруін қамтамасыз бойынша алға қойған міндеттерін орындауда Түркістан облысында тұрақты түрде жоспарлы жұмыстар жалғасып келеді. Облыс бойынша және қала, аудандарда әр жылы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалының деңгейін көтере түсу мақсатында арнайы қабылданған бағдарлама, жобалар арқылы қарастырылған және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен елдімекендердің инфрақұрылымдарын жақсартып, әлеуметтік нысандарды көбейту жұмыстары жүзеге асырылады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың өмір сүрулеріне қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Мақтаарал ауданында 6 миллиард теңгенің ауқымды жұмыстары жүргізілуде. Ауданда сапалы инфрақұрылымдарды қалыптастырып, елдімекендерге сапалы ауызсу, табиғи газ, елдімекендердің ішкі көшелеріндегі автокөлік жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Оларға республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден қарастырылатын қаржыларға қосымша ауылдардың өмір сүру қолайлылығын қалалармен деңгейлес ету мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар арқылы да қаржыландыру  қарастырылған.

Қайта құрылғанына биыл 6 жыл толып отырған Мақтаарал ауданында 69 елді мекен бар. Бүгінде оның 45-і табиғи газбен қамтамасыз етілсе, 23 елді мекенге жобалау сметалық құжаттамалары толығымен әзірленіп, 19 ауылға республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген 4,5 миллиард қаржының есебінен табиғи газ кіргізіп, тұрғын үйлерді көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде.

Қалған 4 елді мекеннің де тиісті құжаттары толығымен әзірленіп, қаржы бөлдіру мақсатында салалық басқармаларға ұсынылған. Сала мамандарының айтуынша, 2026 жылы мақтааралдықтар табиғи газды толығымен 100 пайыз пайдаланатын болады.

Қазіргі таңда ауданда елді мекен санымен есептегенде табиғи газбен қамту көрсеткіші 65% болса, халық саны бойынша есептегенде 75%-ға жеткен. 19 елді мекеннің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталса, 95%-ға жететін болады.

Одан бөлек, ауданда биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын 38 көшеге, жергілікті бюджет есебінен жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын 20 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қанағаттанарлық жағдайдағы ішкі көшелердің үлесін арттыру көзделіп отыр. Өйткені, 556 шақырым ішкі көшелері бар аудан жолдарының 30 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда.

Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдардамасы аясында 80 дана ішкі көшелерге бөлінген 1 миллиард теңгеден астам қаржыға орта жөндеу жұмыстары жүргізілген ауданда 54 елді мекенде тәулік бойы, 13 елді мекенде кестемен ауыз су беріледі.

Кестемен берілетін 13 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, оның 4-еуіне мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде өткен жылы құрылысы басталған А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Жаңажол елдімекені мен Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Азаттық елді мекенінің ауыз су құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.

Аудандағы елдімекендерді инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, олардың сапаларын жақсарту түсу бойынша жұмыстар алдағы жылы да жалғасын табады.