КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ БАҒДАРЛАМАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

0
57

Мемлекеттің экономикасының қарыштап дамуы шағын және орта кәсіпкерліктің көптігі мен сапалы болуына, азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуына тікелей байланысты. Сондықтан да Президентіміз әрбір жолдауында өңірлерде тұрғындарды жұмыспен қамту, шағын кәсіпкерліктің саны мен сапасын арттыру мәселесіне көңіл бөліп келеді. Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, адамдардың жеке шаруашылық, кәсіпкерлікпен айналысуына жан-жанқты жағдай жасап, қолдау көрсетілуі үшін көптеген бағдарламалар мен жобалар қабылданды. Оларда жеке кәсібін ашуға талпынған әрбір тұрғынға жергілікті атқару органы арқылы кәсіпті неден бастап, қалай ашу, қалай жоспарлау мен қалай жеңілдіті қаржы алып жүргізу жөнінде кеңес беріліп, жолдары көрсетіліп, тегін көмек пен қолдау жасалады.

Халқының саны көп болғандықтан және жеке кәсібін бастауға талпыныс жоғары болғандықтан еліміз бойынша Түркістан облысы шағын және орта кәсіпкерлік бойынша алдыңғы қатарда келеді. Облыстың барлық қалалық, ауылдық аймақтарында мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы арқылы жеке кәсіптерін ашып, оны табысты жүргізіп келе жатқан түркістандық азаматтар аз емес.

Сауран ауданы көлемінде кәсіпкерлер санының артуына бірден-бір себеп — жылдан-жылға кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолайлы бағдарламалар ұсынылып, қолдаулар көрсетілуде. Осы ретте аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округіне арнайы барып, кәсіпкерлермен кездесті.

Бүгінгі таңда ауылдық округінің 28 кәсіпкері белгілі болып, түрлі бағытта жұмыстарын бастауға ниет білдіріп отыр. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында арнайы балық шаруашылығына 28, индустриалдық аймаққа 15, демалыс орындарына 70 гектар жердің орындары белгіленді. Кәсіпкерлер түрлі бағытта шағын және орта бизнесін дамыту үшін алдағы уақытта өз жұмыстарын жалғастыратын болады.

Кездесу барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров кәсіпкерлерге барлық бағыт бойынша қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Аталмыш индустриалды аймақта кәсіпкерлер өздері тарапынан атқаратын жұмыстарын айтып, жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтымақ. Бұл бастама ауданның көркеюі мен дамуына септік етіп, тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына, жұмыс күшінің артуына, азаматтардың жұмыспен қамтылуына әсер етпек.

Жиында аумақтағы жер телімдерін кәсіпкерлік мақсатта пайдалану үшін бөліске алған кәсіпкерлерге индустриалды аймақтың құжаттарын дайындауға көмек көрсетіледі. Қажетті электр жарығы мен су тағы басқа көптеген инфрақұрылымдық мәселелер ауылдық округ әкімдігі тарапынан жүзеге асырылады.

Ал, Түлкібас ауданында инфрақұрылыммен елдімекендерді қамтамасыз ету мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыстар кезегімен жүзеге асырылып келеді. Ауданның Машат ауылында ауыз су жүйесі аймақтағы өзекті мәселенің бірі саналады. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынып, өз шешімін тауып келеді.

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап аталған елді мекенге 32 шақырым жаңа су құбырын тарту жұмыстары басталып, 2 дана 300 кубтық су жинағыш орынның құрылысы жүруде. Құрылыс жұмыстары аяқталған жағдайда 357 абонентке тәулігіне 24 сағат сапалы ауыз су беріледі деп күтілуде.

Аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов Машат ауылына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады. Ауыл белсенділерімен бірге нысанның басында жауапты мердігермен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытында аяқталуын тапсырды.

Сондай-ақ Азаттық елді мекенінің ақсақалдарымен су жүйесіне қатысты көтерген біршама кемшіліктерді тез арада ретке келтіру бойынша жауапты бөлімге нақты тапсырма жүктелді.

Оған қоса су қысымы жетпей тұрған көшелерге қосымша ұңғыма қазу жұмыстары жүргізіліп, істен шыққан су реттегіш құрылғылары жаңартылмақ.