ОТБАСЫ — ҰЛТТЫҢ ТІРЕГІ, МЕМЛЕКЕТТІҢ — ІРГЕТАСЫ

0
124

Отан — отбасынан басталады. Сондықтан мықты мемлекет құру үшін отбасы институтын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды ілгерілету, отбасы мен некенің жағымды бейнесін қалыптастыру маңызды. Түркістан облысында оншақты отбасыны қолдау орталықтары жұмыс жасайды. Мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыруға, отбасындағы сүйіспеншіліктің, өзара түсіністік пен қолдаудың маңыздылығын көрсете отырып, отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған іс-шаралар облыс аумағында жиі өткізіліп отырады.
Облыс орталығы Түркістан қаласында «Отбасылық демалыс — бақытты болашаққа инвестиция» отбасылық сайысы өтті. Отбасылық сайыс 8 қыркүйек — Отбасы күніне орай ұйымдастырылды.
№1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен ойында түркістандық 4 отбасы жарысты. Олар өздерінің отбасын ерекше таныстыру өткізу рәсімі мен түрлі спорттық сайыстар арқылы сыналды. Отбасылар мүшелері арасындағы жарыстар тартысты да көрермендер үшін тартымды да болып өтті.
Жарыстың ашылуында қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту, Дене шынықтыру және Спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев сөз алып, шараның мақсатына тоқталды. Отбасы –ұлттың тірегі, мемлекеттің – іргетасы десек, отбасының мүшелері дені сау шыныққан да шымыр, епті де әбжіл, бір сөзбен айтқанда жан-жақты жетілген, белсенді де отаншыл болуы қажет. Ал, мына сияқты сайыстар отбасының ынтымағын, бірлігін, ата-ана мен балалардың түсіністігін, ең бастысы шаңырақтың шаттығын нығайта түсетіні анық.
Отбасылық сайыстың нәтижесі бойынша 1-орын: Жұмахановтар отбасы, 2-орын: Құдайбергеновтар отбасы, 3-орын: Туптыбаевтар мен Мадалиевтар отбасы иемденді.
Сол сияқты «Отбасы күні» мерекесіне орай, Сайрам Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын Қолдау Орталығы» және Сайрам аудандық Азаматтық xaл актілерін тіркеу бөлімі (АХАТ) мамандарының бірлесуімен, ерлі-зайыптылардың неке қию рәсімі өткізілді.
Салтанатты рәсім барысында аталған мекеме мамандары тарапынан жаңадан шаңырақ құрған жұптарға керекті көптеген өмірлік кеңестер айтылды.
Атап айтқанда, жас отбасылардың құқықтық және қаржылық сауаттылықты өз деңгейінде білуі, зорлық-зомбылықтың алдын алуы және жол бермеуі, эмоционалды интеллект, жұптардың бір-бірінің алдында жауапкершілікті сезіне білуі, салауатты өмір салтын ұстана отырып денсаулықты сақтауы және отбасында жарасымдылық орнатуы сияқты маңызды мәселелер бойынша олардың өмір жолына бағыт-бағдар берілді.
Бұдан бөлек, тұрмыста мұндай келеңсіздіктерге тап болған кезде тығырықтан тез арада шығудың тиімді жолдарын жүзеге асыру бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.