ФЕСТИВАЛЬ АЯСЫНДА ТУРИЗМ НАСИХАТТАЛДЫ

Қазақстан республикасында туризмнің бірнеше түрін дамытуға, сол арқылы инвестиция тартып, ауқымды жобаларды жүзеге асырып, жергілікті бюджеттің кірісін молайтуға мүмкіндік бар. Мемлекет басшысы бір жолдауында әлемде туризм кең етек алып дамығаны сонша кейбір мемлекеттірдің кірісінің жетпіс-сексен пайызын сол туризмнен тауып отыр, дей келе елімізде де туризмнің тарлық түрлерін енгізіп, дамытуға мүмкіндік барын айтып, осы істі жергілікті атқарушы органдар қолға алуды ұйымдастыруы қажет екенін айтқан болатын.
Табиғаты мен географиялық жағдайы әралуан және адам қызығырлықтай ерекшеліктерге бай, тарихи және архитектуралық, этнографиялық, кулинариялық, танымдық, тағы басқа да туристік саяхаттауға лайықты аймақтары көп Түркістан облысында туризмді дамытуға көп көіәл бөлініп келеді. Қалалар мен аудандарда, кейбір елдімекендерде туризмді жоспарлы түрде қолға алып, туристік нысандар мен сервистік қызмет көрсету, инфрақұрылымдар жасау, басқа да келуші туристерге жайлы жағдайларды қамтамасыз ету бойынша жұмустар атқарылуда. Сонымен қатар облыс басшысы Д. Сатыбалды айтқандай туристік саяхат пен демалудың мәдениетін қалыптастырып, туристерге сервистік қызмет көрсету әдебін де игеру, әсіресе ішкі туризммен шұғылдануда халықтың табиғатқа құрметі, тарихи жәдігерлер мен басқа да құндылықтарды аялап, сақтауы туристік мәдениеттің биіктігін көрсетеді. Сол сияқты ішкі және сыртқы туризмді насихаттау жағына да ерекше мән берілсе, саяхаттау мен табиғат аясында демалу мәдениеттерін сақтаса, өсімдік және жаунарлар әлемін қорғаса, тазалықты сақтаса нұр үстіне нұр болмақ.
Елімізде сияқты облысымызда да ауданымызда да туризмді дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бәйдібек ауданының аумағындағы «Тау шыңы» демалыс аймағында «Tau fest» фестивалі өтті. Іс-шараның ашылуына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев және аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов қатысып, жастарға сәттілік тіледі.
– Біз бүгінгі іс-шара арқылы таза экологиялық аймақтың үрдісін сақтай отырып, аудандағы көркем жерлердің табиғатын, өсімдіктері мен жануарларын қорғау және тау бөктерінде мәдени демалу тәртібін қалыптастыру мәселелерін насихаттауды мақсат тұттық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қызметке айналады», — деп ұлт болашағына қатысты тоқталып өткен болатын. Сондықтан осында отырған барша журналистерге және ұлт болашағы болып есептелетін жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Баршаларыңызға осы фестиваль аясында уақыттарыңызды тиімді өткізіп, жақсы демалуларыңызға тілектеспін! – деді аудан басшысы.
Алдымен іс-шараға келген қонақтар фестиваль аясында ұйымдастырылған фото және қорықтардың көрмесін тамашалады. Фестивальге 200-ге тарта адам қатысты. Олардың қатарында өңірдегі аудан, қалалардан келген жастар, журналистер мен блогерлер бар. Келушілер ауылдың бір күнімен таныс болып, бие сауу, таба нан жабу, күбі пісу және қол күрес, арқан тарту, кір тасын көтеру сияқты ұлттық ойын түрлерінен өзара бақ сынасты. Осылайша ұлттық құндылықтардың сырына үңіліп, ұлттық спорт түрлері насихатталды. Бұлардың барлығы да ішкі, әсіресе, шетелден келетін сыртқы туристер мен саяхатшылар үшін таңсық, этнокулинариялық туризм ретінде үлкен қызығушылық тудырары анық.
Сайыс қорытындысымен бақ сынасқан командалар марапатталып, шара концерттік бағдарламаға ұласты. Іс-шара соңында жағылған кешкі алау маңында әуезді әндер шырқалып, жастар өзара пікір алмасты.