КӨПБАЛАЛЫ АНА ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТЕН БАС ТАРТЫП КӘСІБІН АШТЫ

0
61

Қазақстан Республикасының Президенті өзінің әрбір жолдауында қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мен қолайлы да жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте жұмыспен қамту қажеттігін, кәсібі бойынша жұмыс табылмағандарды жаңа мамандыққа қайта оқытып, сол бойынша жұмысқа орналастыру керектігін айтып келеді. Сол сияқты азаматтардың арасында өз кәсібңн бастап жеке ісін ашқысы келетіндергекәсіпкерлікті қолдау орталықтары арқылы қолдау білідіріп жаңа кәсіпті ашу, оның бизнес жоспарын жасап, жұмысты неден және қалай бастау жөнінде оқытып, түсіндіру, әрі субсидиямен, не төмен пайызбен қаржылай көмектесу мәселесін де шешуді қарастыруды тапсырған болатын. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлігін ашушыларға жергілікті әкімдіктердің жан-жақты жәрдемдесуі де қарастырылған. Бұлардың барлығына қосымша мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар арқылы кәсіпкерлікті бастаушыларға, кәсібінің ауқымын кеңейтіп, өнім өндіру көлемін ұлғайтуға да қолдау жасалуын жолға қоюды жүктеген еді. Соған орай Түркістан облысында азаматтардың белсенділігіне қолдау білдіріліп, олардың кәсібін ашуына жан-жақты қолдау жасалуда.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданының тұрғындарымен өткен кездесуінде Біртілек ауылдық округі, Аққорған елді мекенінің тұрғыны, көпбалалы ана Дилфуза Абдраимова атаулы әлеуметтік көмек алудан бас тартып, аймақ басшысынан 2 гектар суармалы жер сұраған болатын. Бүгінде көпбалалы анаға Келес ауданы аумағынан 2 гектар суармалы жер телімі беріліп, диқан ол жерге егін егіп, алғашқы өнімін алуда.

– Облыс әкімінің кездесуінен кейін жергілікті әкімдік өкілдері сұранған жерімді рәсімдеуде қажетті сүйемелдеулерді көрсетті. Нәтижесінде 2 гектар суармалы жерге конкурс негізінде қол жеткізіп, бала-шағаммен бірге диханшылықпен айналысуды бастап кеттік. 1,5 гектарға қарбыз ектік. Қазіргі таңда 40 соттық алқаптан 1000 дана қарбыз алып, оларды саудаладық. Қалғанын алдағы уақытта сатылымға шығарамыз. Ал, қалған жарты гектар аумаққа картоп және пияз өнімдерін ектік, — дейді 11 баланың анасы.

Айта кетейік, Түркістан облысы тұрғындарына бүгінде түрлі бағытта қолдау көрсетіліп келеді. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы түсіндіріліп, кәсіп бастағандар қатары көбеюде. Ал олардың бірқатары төрт түлік мал бағу мен бордақылаумен айналыса бастаса, енді біразы жер телімдерін алып, диқаншылықпен айналысуда.