АУДАНДА АЛТЫ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

0
52

Мемлекет басшысы мықты дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекет болудың басты талаптарының бірі – жас ұрпаққа инновациялық, озық жобалар арқылы сапалы білім, саналы тәрбие беруді бүкіл ел аумағында жүзеге асыру. Яғни ауыл мен қалалардағы мектептерде пәндік кабинеттердің жабдықталуы және білім берудің басты процестері де бірдей болады. Бұған қоса оқу процестерінде білім саласындағы ғылым мен білім жетістіктері, озық технологияларға негізделгін әдістер енгізілуде.

Бүкіл еліміздің аумағында жаңа оқу жылының басталуына орай көптеген білім ордалары пайдалануға беріліп жатқанындай Түркістан облысының қала, аудандарында ондаған жаңа мектеп ғимараттары мен қосымша білім беру ғимараттары пайдалануға беріліп, оқушылар жарық та жаңа сыныптарда білім алуды бастауда.

1 қыркүйек – Білім күніне орай Мақтаарал ауданы Бірлік ауылдық округіне қарасты Өркениет елді мекенінде 200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Аудан әкімі Бақыт Асанов жаңа мектепте өткен «Алғашқы қоңырау» іс-шарасына қатысып, ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды білім күні мерекесімен құттықтады.

«Сіздерді 1 қыркүйек — Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі қиындығы мол еңбекте тың табыстарға қол жеткізулеріңізге тілектеспін! Бүгінгі оқушыларымыздың ата-бабамыздың елі мен жеріне деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, білімді әрі ой өрісі кең азаматтар болып өсетініне сенімдімін!» — деді, Бақыт Насырханұлы.

Аудан басшысы жылдан-жылға білім нысандарының материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа озық технологиялармен жабдықталып жатқанын да атап өтті. Ауданымызда көптеген білім нысандарының құрылысы жүріп, жаңа әрі заманауи мектептердің қатары жылдан жылға көбейіп жатқанын жеткізді. Мәселен, Мақтаарал ауданы қайта құрылғалы 6 жыл ішінде 20-дан астам жаңа мектеп ғимараты пайдалануға беріліпті.

Бұған дейін Өркениет ауылында мектептің болмауына байланысты 280 оқушы 2-3 шақырымда орналасқан Қ.Пернебаев ауылындағы №34 «Бірлік» және Қоңырат ауылындағы №35 «Болашақ» жалпы орта мектептерінде білім алып келген еді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесуінде ауыл тұрғындары мектеп мәселесін көтерген болатын. Осыған орай, оқушыларға білім беру сапасын көтеру және өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен қаржы қаралып, Түркістан облысының Құрылыс басқармасының тапсырысымен 2022 жылдың маусым айында құрылыс жұмыстары басталған болатын. Бүгінде өркениеттіктер облыс басшысы мен аудан басшысына өз ризашылықтарын білдіруде.

Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Ғимаратта физика, химия, информатика, технология кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық кабинеттер соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған. Сондай-ақ кітапханасы, спорт залы, асханасы бар. Жалпы мұнда оқушылар түрлі спорт, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатыса алады. Нысанның қасбетіне де, жарықтандыру және абаттандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінген.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында аудан аумағына 5 жайлы мектеп құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда 2023-2024 жылдары Атакент кентіндегі 1500 орындық және Үлгілі елді мекенінен 600 орындық жайлы мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 2024-2025 жылдары Атакент кентінен 900 орындық және Жамбыл ауылдық округі, Абай елді мекенінен 900 орындық мектептердің құрылыс-монтаж жұмыстары басталғалы тұр. Қазіргі таңда ауданда жалпы 6 мектептің құрылысы жүріп жатса, тағы 3 мектептің құрылысы басталады деп күтілуде.