ЖАПОНИЯЛЫҚ ИНВЕСТОРМЕН БІРЛЕСІП ІС БАСТАМАҚ

0
56

Мемлекет басшысы өзінің әрбір жолдауында инвестиция тартудың еліміздің, өңірлердің дамуында маңызы үлкен екенін айтып, барлық күшті ішкі және сыртқы инвестиция тартуға жұмылдыру қажеттігін айтып келе жатыр. Президенттің бұл тапсырмасын орындау бағытында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өзі бас болып шетелдердегі, өз еліміздегі жиындар мен басқосуларға арнайы ат сабылтып барып облыстың инвестициялық әлеуеті мен тартымыдылығын көрсетіп, инвесторлармен меморандумдарға қол қойып қайтады.

Шардара ауданының басшылығы да инвестиция тартуда тынымсыз жұмыс жасап келеді. Соның нәтижелері де жаман емес. Таяуда инвестиция тартуға байланысты жұмыстардың арқасында жапон елінің инвесторлары ауданға арнайы атбасын бұрды.

Шардара ауданына «Agriqa Asia» ЖШС мен бірлескен Жапония елінің «Marubeni Protechs Corporation» компаниясының өкілі Сода Анаму мырза келіп, аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Б.Шомпиевтың қабылдауында болып, бірқатар тың жобалар талқыланды. Күн тәртібіндегі «Agriqa Asia» ЖШС инвестициялық жобасын Жапония компаниясымен бірлесе іске асырылатындығы айтылып, тиісті жұмыстарды бастау көзделіп отырғандығы сөз болды. Қазіргі таңда жобаны іске асыруға жер учаскесі таңдалып, тиісті құжаттары рәсімделіп, құрылыс жұмыстарын қаржы мәселелерінің шешілуіне қарай бастау күтілуде. Инвесторлардың мақсаты — ауданда өндірістік жылыжай кешені, гранулалы құрама жем шығару кәсіпорыны, сублимациялық цех, томат өңдеу зауыты сынды бағыттарда жұмыс жасау.

Жапондық инвесторлармен келісіліп жатқан тың жобалар жүзеге асырылар болса, аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Оған қоса аудандық бюджетке салық есебінен қаржы түседі. Бұл аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, ауданның экономикасының қарқынды дамуына үлес болып қосылады.