АЛТЫ ЖЫЛДА ЖИЫРМАДАН АСТАМ МЕКТЕП САЛЫНҒАН

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында білім мен ғылымды елдің аса маңызды басымдықтары ретінде көрсетеді.
Президентіміздің бастамасымен «Жайлы мектеп» жобасы, Білім беру гранттары, «Ұлттық қор» бағдарламасы ұлт әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқаратыны сөзсіз. Сондықтан да мектеп жасындағы жеткіншектері мен арнаулы және жоғарғы оқу орындарындағы жастары ең көп Түркістан облысында балабақшадан бастап білім мен тәрбие беру ісіне ерекше назар аударылып отыр.
Түркістан болысының Мақтаарал ауданында да білім саласына көп көңіл бөлінуде.
Ауданда жаңадан мектептер салынуда, мектептерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, білім ошақтары барлық қажетті жабдықтармен жарақтандырылуда, жаңа технологияларды енгізу үшін арнайы кабинеттер ашылуда. Мәселен, ауданда қайта құрылғалы 6 жыл ішінде 20-дан астам жаңа мектеп ғимараты пайдалануға беріліпті.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 санды қаулысына сәйкес, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында аудан аумағына 5 жайлы мектеп құрылысы жоспарланған.
Қазіргі таңда 2023-2024 жылдары Атакент кентіндегі 1500 орындық және Үлгілі елді мекенінен 600 орындық жайлы мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ал, 2024-2025 жылдары Атакент кентінен 900 орындық және Жамбыл ауылдық округі, Абай елді мекенінен 900 орындық мектептердің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілетін болады.
Жайлы мектептердің басты ерекшелігі, олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни, ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де қолайлы жағдай қарастырылады. Зәулім мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай болады.
Сондай-ақ, пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар — бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар қойылады. Тынығу алаңдары болады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де жағдай жасалады. Дабыл түймесі, бейнебақылау жүйесі орнатылмақ.
Оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында биыл күрделі жөндеуді қажет ететін 19 білім нысаны бойынша (17 мектеп, 1 жазғы лагерь, 1 УПК) облыстық бюджеттен 126 млн. 772 мың теңге қаржыға жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, сараптамалық оң қорытындысы алынды.
Оның ішінде, 2024-2025 жылдарға «А.Пушкин», «Қ.Сәтпаев», «М.Тұрсын-Заде» жалпы білім беретін мектептеріне» 2 696 266 612 теңге қаралып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Шұғыла», «С.Рахымов», «Ғ.Мүсірепов», «Х.Доспанова» мектептерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына жалпы сомасы 228,03 млн теңге қаржы бөлініп, жөндеуді жүргізушілер конкурс арқылы анықталуда.
Қазіргі таңда 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр, тағы 3 мектептің құрылысы басталады.
Білім ордасы – мектеп жас ұрпақты тәрбиелейтін киелі де қасиетті мекен. Ал, сол мектептің негізгі тірегі – білімді де, білікті ұстаз. Заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, дүбірлі білім жарыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығару — педагогтардың ерен еңбектерінің жемісі. Ұл Абай «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» дегендей шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Ал, халық құрметіне бөленіп жүрген ұлағатты ұстаздар ауданда аз емес.