БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ МЕН ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

0
64

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қазақстандықтарға арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Біз – берекелі бірліктің арқасында түрлі сынақтан сүрінбей өткен халықпыз. Алдағы уақытта да солай болмақ. Бәріміз бір ел болып, әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құрайық. Сонда әркім өз елінің кірпіші болып қаланып, арман-мұратына жете алады» дей келіп елімізде заң мен тәртіп үстем болғанда барлық жағынан да қарқынды даму жүзеге асатынын айтты. Сол сияқты Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік салаға, соның ішінде балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінген, әрі халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынғанына назар аударып, арқаны кеңге салуға болмайтынын, алдымызда әлі талай ауқымды жұмыс тұрғанын айтты.
Түркістан облысында Ел басшысының әрбір жолдауында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруда атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Балалардың қауіпсіздігі мен қорғау, жас ұрпақты отаншылыдққа тәрбиелеу бағытындағы істерде ішкі істер саласы мен білім беру саласының бірлесе атқарып жатқан жұмыстары да ауқымды.
Таяуда ғана Түркістан облысының бас полицейі М.Қабденов №28 мектептің жас сақшыларымен арнайы кездесіп, сұқбаттасты. Негізгі мақсат — оқушылардың Отанына, еліне, жеріне деген патриоттық сезімдерін арттыру.
Кездесу мектеп ішінен «Халық Қаһарманы» Ғ.Байтасовқа арналған сынып әрі кинозалдың ашылуы барысында ұйымдастырылды. Мұнда оқушылар алғашқы әскери даярлық әдіс-тәсілдерін меңгере отырып, полицейлер тарапынан ұсынылған фильмдер, профилактикалық шараларды көріп, ерлік әрекеттерді ұлықтайтын деректі фильмдерді тамашалайды.
Полиция генерал-майоры М.Қабденов: «Бұл сыныпқа қызмет атқару барысында ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасов аталарыңыздың есімі берілді. Сондықтан Сіздер осы полицей ағаларыңыздай елге адал қызмет етер үлкен азамат болып өсе беріңіздер! Елге еткен еңбек ешқашан ұмытылмайды, ескерусіз қалмайды!»-деп атап өтті.
Мектептің жас сақшылары жиналған сыныпта генерал М.Қабденов жасөспірімдермен пікір алмасып, құқықтық сауаттылығын дамыту бағытында, өмірлік тәжірибелерінен айта отырып, болашаққа жол сілтеді. Ал балалар полиция қызметіне қатысты түрлі сұрақтарын қойып, осы салаға деген қызығушылықтарын білдірді.
Кездесу соңында жас сақшыларға Полиция департаментіне қарасты қызметтік автокөліктер таныстырылып, естелікке суретке түсу рәсімі өткізілді.
Айта кетейік, бұл шара қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан Ішкі істер органдарының қызметкерлерін еске алу мақсатында министрліктің республика мектептерінде «Жас сақшы» полиция сыныптарын, сондай-ақ марқұм болған қызметкерлердің есімдерін бере отырып, алғашқы әскери даярлық кабинеттерін ашу жоспары бойынша жүзеге асырылды.
Сол сияқты облыстық Полиция департаменті «Конституция күнін» мерекелеу аясында бірқатар шараларды атқарды. Соның ішінде Жетісай ауданының жеке құрамы орталық саябақта «Ұлық тұтар — ұлы Заң» тақырыбындағы кітап көрмесіне атбасын бұрды. Көрмеге арнайы келген жетісайлық жас полицейлер Ата Заң, Азаматтық құқық негіздері, тағы басқа да тақырыптағы кітаптардың мазмұнымен танысып, өзара пікір алмасты.
Шынында бұл шараның жас мамандарға берері мол. Олар осы арқылы Ата Заң туралы білімдерін одан әрі жетілдіріп, өмірлік азық жинады.
Шара соңында тәртіп сақшылары ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, мерекелік көңіл-күймен тарқасты.