КІШІ ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПРЕЗЕНТАЦИЯСЫ ӨТТІ

0
108

Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуы, халықтың тұрмысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да салаларда озық технологиялардың, цифрландыру жобасын енгізудің маңыздылығын айтып келеді. Соған байланысты алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру бойынша Түркістан облысында облыс басшысының бастамашылдығымен көптеген жұмыстар жүзеге асырылуда. Жаңа басталған оқу жылыднда мектептерге қауіпсіздік дабылы батырмасы орынтылды.
Кеше ғана Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры М.Қабденовтің бастамасымен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы шаралардың бірі ретінде облыстық әкімдікте кіші жедел басқару орталығының презентациясы өтті.
Түркістан облысының әкімі Д. Сатыбалдының төрағалығымен өткен шарада презентацияны «Алтау смарт» ЖШС-нің коммерциялық директоры Исатай Жүнісов таныстырып өтті. Басқосуға прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, цифрландыру басқармасының басшы құрамы мен әкім орынбасарлары, әкімдіктегі басқарма басшылары, Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары М.Әбдіқадырқызы қатысты.
Жиын барысында цифрландыру, қауіпсіздік үшін қажетті соңғы үлгідегі цифрлық құрал-жабдықтармен жабдықтау мәселелері қаралды. Сонымен қатар аудандарға кіші жедел басқару орталығын құру бойынша ұсыныстар көтерілді.
Шара соңында облыс әкімі құрылым басшыларына тапсырмалар жүктеп, тұрғындар қауіпсіздігін сақтау, қорғау бағытындағы барлық бастамаларды қолдайтындығын жеткізді.
Сол сияқты Полиция департаментінде ауқымы кең жиын өтті. Жедел кеңеске Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, аталған екі мекеменің басшы құрамы мен облысқа қарасты полиция басқарма, бөлім басшылары және департаменттің жеке құрамы қатысты. Сондай-ақ қалалық, аудандық полиция бөліністері селекторлық бейнебайланыс арқылы жиынға қосылды.
Күн тәртібінде «Жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларының жай-күйі туралы» мәселе қаралды. Бұл бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен Тергеу басқармасы басшысы Марат Кударов, Полиция департаментінен Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Нұрбол Мырзатаев баяндама жасады.
Жедел кеңеске төрағалық еткен департамент бастығы Мұрат Талапұлы, «жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына, оның болашағына кері әсерін тигізетін індет. Осы дертке жол бермеу үшін, біз ай сайын өтетін жиналысымызда алдын алу шараларын, мәселелерін қараймыз. Өзгелердің қателігінен сабақ алып, заңсыз әрекеттерге мүлде жол бермеу керектігін қатаң ескертіп отырамыз», деді.
Жедел кеңес соңында құқық қорғау саласында орын алған бірқатар сыбайлас жемқорлық фактілері туралы бейнеролик көрсетілді. Жиналғандарға мұндай заңсыз әрекеттерге қашанда бөгет қойылып, заңмен жауапкершілігі қаралатыны ұғындырылды.
Өз кезегінде департамент басшысы Мұрат Ахтанұлы, қолданыстағы Заң талаптарына сәйкес, әрбір мемлекеттік орган басшысы өз ұжымында тұрақты түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлі шараларды қабылдап отыруын міндеттеді. Сондай-ақ полиция қызметкерлерін Конституция мерекесімен құттықтап: «Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеңіздер. Болмашы нәрсенің салдары немен аяқталатынын ұғындырыңыздар. Профилактика ретінде арнайы іс-шаралар мен дәрістерді үзіліссіз өткізіңіздер» — деп сөзін қорытындылады.
Жиын соңында елдің қауіпсіздігі мен заңдылығы жолында еңбек ететін маңызды құрылым басшылары бірлесіп, індетке жол бермеу мақсатында атқарылатын жұмысты жандандыруға уағдаласты.