РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРДЕ ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ДЕС БЕРМЕДІ

0
63

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған министрді қабылдап, оған бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт саласының барлық деңгейінде бірыңғай басқару вертикалін қалыптастыру, бапкерлер құрамын күшейту, саланы ғылыммен ұштастыру бағытында міндет жүктеді. Сол сияқты кеше ғана жариялаған қазақстандықтарға арналған жолдауында да балалардың қауіпсіздігін қорғау мен оларды жан-жақты қалыптасуы үшін қолдау қажеттігін де айтты.
Түркістан облысында балалар мен жасөспірімдерді жан-жақты жетіліп, денсаулығы мықты шымыр да шынығып есеюіне байланысты үнемі қолдап, көптеген мүмкіндіктер жасалып келеді. Солардың арасында спорттың көптеген түрлерімен жастайынан шұғылдануға жол ашатын балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, түрлі спорттық секциялар бар. Оларға қосымша облыста қала, аудандар арасында, республикалық, халықаралық деңгейдегі сан алуан спорттық жарыстар жыл онекі ай толассыз ұйымдастырылады. Сондай республикалық турнир таяуда ұйымдастырылып мәресіне жетті.
Түркістанда 2010, 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан «Turkistan Cup – 2024» республикалық турнирі өтті. Сайысқа Астана, Ақтау, Тараз, Қонаев, Түркістан, Кентау қалалары мен Алматы облысынан 16 команда қатысты.
Шараға қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев пен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, еліміздің әр өңірінен келген жас спортшыларға қолдау білдірді.
Ойын нәтижесінде 2010 жылы туған жасөспірімдер арасында «Түркістан» командасына чемпиондық кубок бұйырды. II орынды «Қонаев» командасы, III орынды «Каспий» командасы иеленді.
Ал 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасындағы чемпиондық кубокты Түркістан қаласының «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» командасы қанжығаға байласа, II орынды «Тұран Түркістан» командасы, III орынды түркістандық БЖМОФМ мектебі еншіледі. Үздік ойыншыларға арнайы номинациялар табысталды.