АУДАРЫСПАҚТАН БЕС АЛТЫНДЫ ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ЕНШІЛЕДІ

0
60

Көшпенділер мәдениеті мен салт-дәстүрінің, спорттық ойындарының отаны саналатын байтақ та сайын даланың бүгіні иелері – қазақтар Астанада өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қай түрінен болса да жоғары деңгейде өнер көрсетіп, өздерінің көшпенділер өркениетінің нағыз мұрагерлері екенін дәлелдеуде.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында аударыспақ бәсекесі аяқталды. Аударыспақтан өткен алты салмақтағы жарыстың бесеуінде Қазақстан спортшылары алтын медаль жеңіп алып, жеңімпаз атанды. Бір ғажабы, алтын медалді жеңіп алған 5 жігіт те Түркістан облысы, Төлеби ауданының өрендері. Олар: Біржан Қосалиев, Сырым Ізбасаров, Ермек Құралбай, Алмат Ләтіпбек және Дарын Өткелбай. Сонымен бірге тағы бір жерлесіміз Есімхан Рахматтіллә күміс жүлде еншіледі. Батырларымыз ат үстіндегі қарсыластарын аттан жұлып алып, нағыз чемпион екендерін дәлелдеді. Осылайша, аударыспақ спортынан Түркістан өңірінің жігіттері әлемде үздік атанып, Қазақстанның абыройын аспандатты.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы аударыспақ сайысындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер:
60 келі:
1.Ермек Құралбай (Қазақстан)
2.Жексенбек Тұрдыбек (Қырғызстан)
3.Меліс Наурызбек (Моңғолия)
3.Алмас Камалдинов (Ресей).
70 келі:
1.Алмат Ләтіпбек (Қазақстан)
2.Бақытгүл Райханұлы (Қырғызстан)
3.Кодиржон Егамбердиев (Өзбекстан)
3.Өміртай Еркінбек (Моңғолия).
80 келі:
1.Дарын Өткелбай (Қазақстан)
2. Нодиржан Джунайдуллаев (Өзбекстан)
3. Қалыбек Бұзурманқұлұлы (Қырғызстан)
Илнұр Губайдуллин (Ресей).
90 келі:
1.Ислам Бердібекұлы (Қырғызстан)
2. Есімхан Рахматіллә (Қазақстан)
3.Инсат Хусайынов (Ресей)
3. Азизбек Зокиржонов (Өзбекстан).
100 келі:
1. Сырым Ізбасаров (Қазақстан)
2. Ерболат Жеңісбек (Қырғызстан)
3. Кулсар Даниел (Мажарстан)
3. Турдыкул Абдрахманов (Қырғызстан).
+ 100 келі:
1. Біржан Қосалиев (Қазақстан)
2. Кумушбек Қыдырәлиев (Қырғызстан)
3. Валентин Лакатос (Мажарстан)
3. Шәйітхан Қаржаубай (Моңғолия).
«Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда өткен аударыспақ бәсекесіне 9 мемлекеттен, 64 спортшы қатысты. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей.
Бір айта кетерлігі, аударыспақ сайысында алғаш рет АҚШ пен Түркияның балуандары өнер көрсетті.