ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТТЫҚ ЖАРЫСТАРДА ЖҮЛДЕ АЛУДА

0
68

Президент биылғы Жолдауында есірткінің жас ұрпақтың денсаулығын ғана емес бүкіл өмірін құртатындықтан қоғамдағы бұл дертпен күресті күшейтіп, нашақорлыққа төзбестік ахуал қалыптастыру, ал балалар мен жасөспірімдерді бұқаралық спортқа ынталандырып, оларға есірткі мен нашақорлықтың қатері, зияндығы жайында түсіндіріп, дені сау, шыныққан, білікті де тәрбиелі етіп өсіру бағытындағы жұмыстарды жандандыра түсуді тапсырды. Түркістан облысында балалар мен жасөспірімдерді спорттың көптеген түрінен тәрбиелеуге мүмкіндіктер жасалып түрлі үйірмелер мен секциялардан бастап, арнаулы спорт мектептері де жұмыс істейді.
Түркістан қаласы 2024 жылы – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Осыған орай, рухани шаһарда «Жемқорлықсыз болашақ» ұранымен 2009-2015 жылғы жасөспірімдер арасында үстел теннисінен ашық біріншілік өтті.
Спорттық жарысқа Қызылорда, Шымкент, Жетісай, Сарыағаш, Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Бәйдібек, Төлеби аудандарынан 300-ге жуық спортшылар келді.
Сайыстың ашылу салтанатына қатысқан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Әсілбаев пен «Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры Әнуар Сәрсенбаев спортшыларға сәттілік тіледі. Ал жиында қонақ болған қаланың құрметті азаматы, бірінші дәрежелі үстел теннисінің жаттықтырушысы Оразбек Божбанбаев қатысушыларға өз тәжірибесімен бөлісіп, жетістікке жетудің қыр-сырымен бөлісті.
Аудан, қалалардан келген талантты спортшылар арасындағы сайыс 15 қыркүйекке дейін жалғасып, ашық біріншіліктің қортындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Ал, Алматы облысы, Талғар қаласында 2008-2009 және 2010-2011 жылдары туған ұлдар мен қыздар арасында «Геннадий Сергеевич Третьяков атындағы сыйлық үшін» республикалық веложарыс өтті. Түркістан облысының велоспортшылары аталған жарыста бой көрсетіп, нәтижесінде жүлделі орындарға ие болды. 13-14, 15-16 жас аралығында өткен жарыста Түркістан өңірінен Жаннэль Садыкова екі рет қатарынан күміс жүлдегер атанды. Ол 2008-2009 ж. қыздар арасында 50 км. қашықтықта 8 айналымда және критериум веложарысы бойынша 10 айналымда 2-орындарға ие болды. Жалпы, аталған жарысқа еліміздің 8 өңірінен 16 команда қатысқан болатын.
Айта кетейік, Түркістан облысының велоспорт федерациясы жасөспірімдерді аталған спорт үйірмесіне тегін қабылдауды жалғастыруда. Шыңдалған спортшылар түрлі чемпионаттарға қатысып, өз мүмкіндіктерін көрсетіп, өңірдің абыройын арттыруға үлес қоса алады.
Сондай-ақ, қол күресінен жас жеткіншектер мен жасөспірімдер арасында Түркістан облысы гір спорты және армрестлинг федерациясының ашық біріншілігі өтті. Аталған жарыста кіл мықтылар өзара күш сынасып, жеңімпаздар анықталды.
Атап айтар болсақ,
жас-жеткіншек ұлдар арасында:
30 келіде 1-орын Е. Қорғанбек, 35 келіде 1-орын И. Сайлау, 40 келіде 1-орын Ә.Абдумутали, 45 келіде 1-орын Е.Назар, 50 келіде 1-орын А.Ибрагим,
55келіде 1-орын Е.Көшербай, 60 келіде 1-орын Ә.Нұғман, +60 келіде 1-орын А.Әшім,
жас-жеткіншек қыздар арасында:
45 келіде 1-орын А.Зиядулла, 55кг 1-орын Н.Рысбек, +55 келіде 1-орын С.Сәрсенбаева,
жасөсіпірім қыздар арасында:
+55 келіде 1-орын Ы.Оразхан,
жасөспірім ұлдар арасында:
55 келіде 1-орын Ж.Маманияз, 60 келіде 1-орын Н.Алдан,
+60 келіде 1-орын Б.Мелдебек.