ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕР ОРЫНДАЛУЫ КЕРЕК

0
57

Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс.

Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек.

Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет» деп денсаулық сақтау саласында атқарылуға тиісті бірқатар міндеттерді қойды. Жыл соңына дейін Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін цифрландыруды аяқтау, ал келесі жылдың соңына дейін бірыңғай ұлттық ақпараттық жүйені енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Түркістан облысының бірқатар ұйымы басшыларымен өткен кеңесте айтты.

Өңірге жұмыс сапары барысында Тамара Дүйсеноваға дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі көрсетілді. Дәрі-дәрмектер қозғалысы елге әкелінген және өндірілген сәттен бастап пациент немесе сатып алушы дәріханалар арқылы алғанға дейін нақты уақыт режимінде бақыланады. Аталған тізбектегі қоймалардың бірі Түркістан қаласында орналасқан.Айта кетейік, жүйе енгізілгелі бері мұнда 13 түрлі отандық дәрі-дәрмектің 1,5 мыңнан астам қаптамасы қабылданған. Осы жерден олар облыстың емдеу мекемелеріне жіберіледі. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасында препараттарды стационарда қабылдау және пайдалану процесі көрсетілді.

Вице-премьер емдеу мекемесінің жұмысымен танысып, емделушілермен әңгімелесті.

Аурухана базасында өткен жылдан бастап оңалту орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтың қызметтерін операциядан шыққан, инсульт алған және басқа да науқастар пайдаланады. Мұнда 400-ден астам адам тегін курстармен қамтылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылып келеді. Бағдарлама аясында Түркістан облысында 49 МСАК нысанының құрылысы қарастырылған. Олардың бірі Махамбет Өтемісов ауылында тұрғызылып, тек айналасын абаттандыру жұмыстары қалған.

Жұмыс сапары аясында вице-премьердің төрағалығымен өңірде денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөнінде кеңес өтті. Оған жауапты Министрліктің, Міндетті медициналық сақтандыру қорының өкілдері, облыстың медициналық ұйымдарының басшылары қатысты. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау аясында медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру мәселелері де сөз болды.

«Медицина аурудың алдын алу үшін жұмыс істеуі керек. Яғни, бізге сапалы және уақтылы диагностика қажет. Емхана дәрігерлері атқарар жұмыс көп. Емдеу мекемесіне бекітілген азаматтарды өзектендіру қажет. Сонымен қатар жүйеге сақтандырылмаған адамдарды тарту маңызды. Бұл шаралар Мемлекет басшысы қойған міндеттерді сапалы орындауға мүмкіндік береді», — деді Тамара Дүйсенова.