ЖЕРЛЕСІМІЗ КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫНДА ЧЕМПИОН АТАНДЫ

0
79

Қазақстанның астанасында өткен Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қазақ халқының, еліміздің әлеуеті мен ұлттық бет-бейнесін көрсетіп берді. Әлемдегі көшпенділердің тікелей мұрагерлері ретінде әлі күнге дейін дәстүр-салтында, әдет-ғұрпында ұлттық сопрттық ойындарында ықлым замандардан бергі ата-бабаларының салт-дәстүрлерін сақтап келе жатқан қазақстандық спортшылар көптеген жарыс түрлері бойынша жеңімпаз және жүлдегерлер қатарынан көрініп мерейлері үстем болды. Еліміздің бұл жеңісіне Түркістан облысының спортшылары да елеулі үлес қосты. Солардың қатарында Елорда төрінде өткен байрақты бәсеке V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында спорттың асық ату түрінен жеңімпаз атанған Қазақстан ерлер құрамасы да болды.
Осы ретте, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, көптеген байрақты бәсекелерде көк туымызда көкке көтеріп, қазақ елінің мақтанышына айналған созақтық Амандос Айтқұлов Ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, асығы алшысынан түсті.
Ұлттық құрама «А» тобында алғашқы орынмен ақтық сынға шықты. «Алау» мұз айдынында Қырғызстан Республикасының құрама командасымен алтынды сарапқа салып, еліміздің мерейін үстем етті.
Айта кетейік, Амандос Айтқұлов бұған дейін асық атудан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанып, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін және Азияның чемпионы, “Ақбидай” ауыл спартакиадасы облыстық кезеңнің жеңімпазы атанып, Республикалық кезеңінің “Алтын тұғыр” иегері атанған.
Елімізде бұқаралық спортты дамыту мен жастарды спорт түрлеріне ынталандыру бағытында облыс аумағында жасалып жатқан көптеген жұмыстардың қатарында Сауран ауданында өткізілген «SAURAN CUP» атты қыздар арасында халықаралық волейбол турнирін де атап өтуге болады. Жарысқа облыс өңірлерінен ғана емес көрші облыстардан да командалар қатысты.
Сауран ауданының 3 жыл толуына орай, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында 2 күнге жалғасқан «SAURAN CUP» атты қыздар арасында халықаралық волейбол турнирі өз мәресіне жетті.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған турнир Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округі, “Қарашық” спорт кешенінде өтті. Жарысқа 15-тен аса команда қатысты. Тартысты дода бірінші орынды Сауран ауданы жастары, екінші орынды Жамбыл облысының жастары, үшінші орынды Шымкент қаласының жастары иеленді.
Қыздар арасында халықаралық дәрежемен өткен бұл волейбол турнирі балалар мен жасөспірімдерді спорттың осы түрімен айналысуға қызықтырып, олардың салауатты өмірге әдеттенуіне ықпал етті. Осындай ауылды жерлерде өткізілген жарыстардан соң жеткіншектер спорт залдары мен спорт алаңдарына жиірік баратын болады. Ал, бұл дені сау, шыныққан, белсенді ұрпақтың өсіп-жетілуінің кепілі.