ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҰМЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
52

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғаидық оптимизм» деп аталатын кезекті Жолдауында қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, жұмыспен қамту, жеке кәсіптерін ашу мәселелерін шешу үшін мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобаларды пайдалану қажеттігіне қоса ішкі сыртқы инвестициялар тартудың маңыздылығына тоқталып «Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты.

Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет» деді. Ал инвестиция тарту үшін инфрақұрылымдар, арнайы өндірістік және экономикалық аймақтар құру қажет.

Түркістан облысының қала, аудандарында арнайы экономикалық және қндірістік аймақтар құрылып, кәсіпкерлер мен инвесторлардың сонда орналасып өнім өндіруі үшін инфрақұрылымдар тартып, жұмыс жасауға барлық мүмкіндіктерді жасауда.

Түркістан қаласында орналасқан «Turan» арнайы экономикалық аймағын инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ондағы құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатаң бақылауында тұр.

Бүгінгі таңда өрт сөндіру депосы, газ жүйелері, интернет желісінің жұмыстары 100%-ға аяқталған. Жолдың 1,4 шақырымына асфальт жабындысы төселді. Жол құрылысын 2024 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған. Теміржол құрылыс жұмыстары 40%-ға орындалып, теміржолдың 2,1 шақырымына релстер орнатылды.

Сонымен қатар су және кәріз желілерінің құрылыс жұмыстары 70 %-ға орындалып, су құбырының 8,5 шақырымы тартылды. Кәріз жүйесінің 3 шақырымына құбыр жүргізілді. Аталған нысандарыдың құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Электрмен жабдықтау жұмыстарын аяқтау 2025 жылға жоспарланған. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы облыстық құрылыс басқармасының мамандарының тұрықты қадағалауында.

«Turan» арнайы экономикалық аймағындағы инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстары аяқталған соң, мұнда 50-ге жуық кәсіпорын орналасып, жұмысын бастайды. Нәтижесінде, 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.