ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫНА АРНАЛҒАН КЕШ ӨТТІ

0
117

Халықтың рухани деңгейін көтеріп, ұлттық құндылықтарды құрметтеуі мен бойына сіңіруіне әдебиет пен мәдениеттің де ықпалы зор екені белгілі. Сондықтан да, Түркістан облысында қазақтың маңдайалды жазушыларының өмірі мен шығармашылықтарын насихаттау жолға қойылған. Жұртшылық, әсіресе жас қрпақ жазушылардың шығармалары арқылы бойына ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, отаншылдық қасиеттерін сіңіреді. Еліміздің өткені мен бүгіні тарихымен, ұлы тұлғаларымен танысып, өнеге алады.
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Көпсалалы-индустриалды техникалық колледжінде Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына орай «Ұлт әдебиетінің абызы» атты еске алу кеші өтті. Іс-шараны облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бұқаралық көрмелік іс-шаралар секторының меңгерушісі Пернекүл Нәльтаева және «Көпсалалы-индустриалды техникалық колледжі» директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрбол Байсеит ашып беріп, халық жазушысының еңбегі мен шығармашылық жолын өскелең ұрпаққа үлгі етті.
Еске алу кешіне арнайы жасалған кітап көрмесін кітапханашы Ақнұр Ерімбетова, жазушының өнегелі өмірінен көпшілікке бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар аталмыш оқу орнының студенттері әсем әндерімен өз өнерін көрсетті. Кеш спикерлерінің қатарында зиялы қауым өкілдері Баян Адырбекова, Роза Нарымбетова, Несіпкүл Өтебаева шақырылды. Мағыналы басқосуға Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің «Рухани жаңғыру» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Әдемау Толысбаева модератор болды.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтың әдебиет жолындағы еңбектері мен адамдық қасиеттерін әңгімелеп, естеліктерімен бөлісті. Кеш барысында жас ақын Бауыржан Ерман жылы лебізін білдіріп, қонақтарды шабытты поэзиясымен тәнті етті. Сондай-ақ жазушы шығармашылығындағы шоқтығы биік «Қан мен тер трилогиясы жайында оқырман тілінде ұғындыру мақсатында Р.Исетов атындағы №20 жалпы білім беретін орта мектебінің және С.Сейфуллин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Жансая Шорабекова мен Махаббат Искакова қатысты.
Кеш соңында колледж директоры мен іс-шараға белсенді қатысқан оқушылар кітапхана директоры Жанат Шардарбекованың алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ, Қазығұрт аудандық орталық Мәдениет сарайында белгілі қаламгер, ақын, сазгер, журналист, сатирик, заңгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Ысқақ Әбдіқайымұлымен «Өмір сені сүйемін» атты кездесу кеші өтті.
Атаулы кешке аудан әкімінің орынбасары М.Әшірбаев, аудандық мәслихаттың депутаты А.Молдасапар, Шымкент қалалық дін істері басқармасының басшысы Б.Өнербаев, «Бақдәулет» жеке шаруашылығы президенті Н.Оспанов, физика-математика ғылымдарының кандидаты, халықаралық Қазақ-түрік университетінің профессоры, «Ы.Алтынсарин», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері, «Архимед» зияткерлік бастауыш мектебінің құрылтайшысы М.Сарыбаев, зейнеткер ұстаз, ауданның «Құрметті азаматы» Т.Бердіқұл, «Атамұра» Варшава келісім шарты бойынша шет елдерде әскери борышын өтеген ардагерлері қоғамдық бірлестігінің облыстық төрағасы И.Аманқұлов, Шанин драма театрының әртістері Н.Орынбек пен А.Тәттіғұлова және аудандық Ардагерлер кеңесі мүшелері мен «Әжелер алқасы» мүшелері және көпшілік оқырмандар қатысты.
Кездесу жиыны Әкім Ысқақ Әбдіқайымұлының шығармашылығы мен Кеңес Одағының батыры, Қазақстан мен Орталық Азия халықтары арасынан шыққан тұңғыш генерал, Қазығұрт ауданының тумасы Сабыр Рақымовқа арналған арнайы көрмемен бастау алды. Кейіннен С.Рақымов жайлы сахыналық қойылымдар, Әкім Ысқақтың шығармашылығынан өлеңдер, жырлар оқылып, келген қонақтар құттықтау тілектерін жеткізді.
Мазмұнды да тағылымды кеште Әкім Ысқақтың, Киелі де қасиетті мекен – Қазығұрттың топырағынан шыққан, өзінің бабадан қалған батырлық рухымен, қайтпас қайсарлығымен Ұлы Отан соғысында қаһармандықпен қаза тапқан генерал Сабыр Рақымовқа арнап жазылған «Темір генерал» атты жаңа туындысы көпшілік оқырманға таныстырылды.