ҚҰРКЕЛЕСТЕ ЖАРЫҚ БАҒАНАЛАРЫ ЖАҢАРТЫЛУДА

0
57

Түркістан облысында мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған міндеттер мен берілген тапсырмаларды жүзеге асыру жоспарға сай жүргізілуде. Барлық салалар бойынша тұрақты түрде жұмыстар жасалынуда. Соның ішінде инфрақұрылымдарды салу мен жаңғырту мәселесі, су тасқынынан сақтану бойынша жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Ол жұмыстардың барысы жергілікті қала, аудан басшыларының бақылауында.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округіне жұмыс сапары барысында елді мекенді сапалы электр қуатымен қатамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысының жай-күйімен танысты.

Аралау барысында аудан басшысы Құлтума елді мекеніне қарасты көшелердің электр бағаналарын жаңарту жұмыстары бойынша мердігер мекеме өкіліне электр бағаналары мен желілерін, трансформатордарды толық ауыстырғаннан кейін елді мекенде бұған қатысты мәселе болмауы қажет екенін атап өтіп, осы орайда мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстарды сапалы әрі мерзімінде атқаруды ескертті. Ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ә. Құрбановқа және ауыл әкімі М. Турсункуловқа үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Айта кетсек, аталған елді мекен көшелеріндегі ескірген ағаш бағаналары бетон бағаналарымен жаңартылып, жаңа трансформатор қондырғысы орнатылады. Сонымен қатар, кернеуі 0,4 киловольттық электр сымдары да жаңаратын болады. Оған қоса, ұзындығы 4 шақырым жерге 108 электр бағанасын жаңарту жұмыстарын жүргізілуде. Жаңарту жұмыстары аяқталған соң 76 үй сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілмек.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округіне арнайы жұмыс сапары барысында ауылдық округ аумағындағы су тасқынының алдын алу және егістік жерлердің мелиоративтік жағдайларын жақсарту мақсатында Жаңаталап қашыртқысында жүргізіліп жатқан механикалық тазалау жұмыстарының барысын бақылады.

Жөндеу  жұмыстарының барысымен танысқан аудан әкімі су шаруашылығы мекемесі басшысы Н. Алданазаровқа  және ауылдық округ әкімі М.Турсункуловқа атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы болуы қажет екендігін ескерте отырып, механикалық тазалау жұмыстары белгіленген уақытында аяқталуы қажет екендігін айтып, нақты тапсырмалар берді.

Айта кетсек, егістік жерлерге толық ағын су жеткізіп беру және төтенше жағдайлардың алдын-алу мақсатында облыстық «Тұран-су» МКК арқылы 3 бірлік экскаваторлар аудандық бюджеттен сатып алынған болатын. Осы техникалармен ағымдағы жылы 252,8 шақырымды құрайтын 68 бірлік су нысандарын механикалық тазалаудан өткізу жоспарланған. Осы жоспарға сәйкес бүгінде 106 шақырым су арналары тазалаудан өткізілді.