ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ САПАЛЫ ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІС

0
56

Мемлекет басшысы үнемі автокөлік жолдарының сапалы болуы мен тұрғындардың баспаналы болуы мәселелері жайында айтқанда ауыл тұрғындарының қолайлы өмір сүруінің жағдайын жақсартуды тапсырып келеді. Биылғы Жолдауында да халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдар жүргізуді, құрылыстың сапалы болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы бірқатар нысандарды аралап, құрылыс барысын қадағалады. Алдымен Шәуілдір ауылындағы Д.Алтынбеков көшесіне асфальт төсеу жұмыстарын көрді. Автомобиль жолының ұзындығы 1,85 шақырымды құрайды. Мердігер мекеме «Sana Global Group» ЖШС. Жөндеу жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Аудан басшысы жол сапасына қатысты бірқатар ескертпелер айтты. Д.Алтынбеков көшесі аудан орталығындағы халық көп қатынайтын үлкен көшелердің бірі. Сондықтан жол жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілуі керектігін айтып, жауапты сала басшыларына бақылауға алуды тапсырды.

Мұнан соң Шәуілдір ауылындағы Жаңа тұрғын үй алабында болып, жеке инвесторлар есебінен салынып жатқан 2 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылыс барысын көріп, жауапты мердігерлермен кездесті.

Айта кету керек аталған тұрғын үйлер аудандағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілетін болады. Қазіргі таңда Отырар ауданы бойынша тұрғын үй кезегіне 2303 азамат тіркелген.

Аудан әкімінің жеке қабылдауында болған азаматтардың өтініші назардан тыс қалған емес. Осы мақсатта тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелермен танысу мақсатында Жаңа тұрғын үй алабындағы жолдарға тас төсеу, газдандыру, жарықтандыру, көшелерге атау беру мәселелеріне қатысты атқарылып жатқан және атқарылатын жұмыстарды пысықтады. Қабылдауда болған тұрғындармен пікірлесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Көтерілген мәселелерге байланысты заң аясында тиісті жұмыстарды атқару үшін тиісті мекеме басшыларына тапсырма берді.

Одан әрі Қоғам ауыл округіне қарасты Мыңшұңқыр елді мекеніндегі 4 қабатты 32 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын көріп, құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру барысын пысықтады. Мердігер «NK Bullding» ЖШС-нің жеке қаржысы есебінен салынып жатқан тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Құрылыс жұмыстарының барысын саралаған аудан басшысы мердігер мекеме өкіліне құрылыс нормативтерін сақтай отырып, сапалы және мерзімінде аяқтауды, сондай-ақ, салаға жауапты орынбасары мен тиісті бөлім басшысына жұмыс барысын баяндап отыруды жүктеп, аталған жұмыстардың барлығы өзінің жіті бақылауында болатынын ескертті.