ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН САЙЫСТАР ӨТТІ

Қазақстан Республикасының Жастар саясатында, балаларды қорғау мен қолдауға арналған бағдарламалар болсын денсаулығы мықты, шымыр да шыныққан білімді де білікті, тәрбиелі жас ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бағытталған көптеген бағдарламалар мен жобалар қабылданып, жұмыс істеуде. Солардың қатарында балаларды спортқа ынталандыру бойынша жұмыс жүргізу де бар. Түркістан облысында балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдану пайызы жоғары ғана емес, сонымен бірге түркістандық жасөспірімдер түрлі байрақты бәсекелерден жүлде жеңіп алып, облыс атын шығарып та келеді.
Түркістанда қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында бірнеше спорт түрінен жарыс өтіп жатыр. «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» тақырыбында ұйымдастырылған спорт жарысында жасөспірімдер волейбол, шахмат пен тоғызқұмалақтан сынға түсті.
Спорт жарысының мақсаты – бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып, салауатты өмір салтын ұстауды насихаттау. Жасөспірімдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттыру.
“Сауран” тұрғын алабында өткен шахмат сайысына қаладағы 10 мектептен жиналған оқушылар қатысты. Интеллектуалды ойында ұлдар арасында №8 мектеп және қыздар арасында №6 мектеп оқушысы алғашқы орыннан көрінді.
Ал, Яссы тұрғын алабында волейболдан өткен жарыста №15 М.Жұмабаев мектебінің оқушылары I орынды иеленіп, II орын №24 М.Шоқай мектебі, III орын №14 Қазыбек би мектебінің жас спортшыларына бұйырды.
Сонымен қатар, “Бірлік” тұрғын алабында ұлттық ойын түрі тоғызқұмалақтан жарыс өтіп, ой ұшқырлығы сыналатын бәсекеге шаһардағы №27 Ө.Жәнібеков пен Е. Иззатуллаев атындағы білім ордаларының оқушылары қатысты. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі сайыс алдағы уақытта “Шауғар”, “Отырар”, “Бекзат” секторларында үстел теннисі, баскетбол, дойбы сынды спорт түрлерінен жалғасады.
Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсукент елді мекенінде 2024 жылдың 13-18 қыркүйек күндер аралығында өткен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Біржан Бөбеевті еске алуға арналған 2009-2010 жылдары туылған жасөспірімдер арасында Түркістан облысы чемпионаты өз мәресіне жетті. Тартысты өткен бәсекелерде кілең мықтылар іріктеліп, жүлделерді иеленді. Солардың қатарында 54 келіде бокстасқан шардаралық жаттықтырушы Әшірхан Айтжанның шәкірті, былғары қолғап шебері Бекзат Беймен жүлделі орын иеленді.
Түлкібас ауданында төрт айға созылған үлкен футболдан аудан чемпионаты өз мәресіне жетті. Тартысты жарысқа аудан аумағындағы 15 ауылдық округ, кенттерден 15 құрама қатысып нәтижесінде: І-орынды Мичурин ауылдық округі: ІІ-орынды Шақпақ ауылдық округі; ІІІ-орынды Рысқұлов ауылдық округінің аяқдопшылары иеленді.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары А.Нұрлыбай, аудандық мәслихаттың төрағасы Х.Байысбаев пен мекеме басшылары, округ әкімдері мен ардагер спортшылар қатысып, спортшыларға ыстық лебіздерін білдіріп, үздік спортшылар мен жүлделі орындардан көрінген командаларды диплом, алғыс хат және ақшалай сыйлықтармен марапаттады.
Атап айтсақ, бас жүлдеге 500 мың теңге, ІІ-орынға 350 мың теңге, ІІІ-орынан көрінген құрамаға 200 мың теңгенің сертефикатын табыстады. Ал, үздік ойыншылар 50 мың теңгенің сертефикатын қанжығаларына байлады.
Сонымен қатар, 4,5,6 орын алған командаларға 100 мың теңгеден ынталандыру сертефикаты табысталды.
Айта кетерлік, аудан чемпионаты соңғы рет осыдан 31 жыл бұрын өткізілген-ді. Биыл міне аудандық мәслихат депутаттарының бастамасымен аудан әкімдігінің қолдауымен қайта жаңғырып отыр.