ҚАЗАНҒАП ТІЛЕПБЕРГЕНҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ НАСИХАТТАЛДЫ

0
86

Мемлекеттік идеологиясыз елдің рухани дамуы қожырап, халқының мәңгүрттікке түсуі ықтымал. Сондықтан да Қазақстан Республикасында халықтың рухани-мәдени, әдеби-өнер салаларында да дамуына, сол арқылы отаншылдығын арттыруға көңіл бөлініп келеді. Ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, тарихтан тәлім алып, ұлттың тұлғаларының өмірінен өнеге алып, әдебиеті мен мәдениетінен, өнерінен сусындаған халық бойына ұлттық рухты жинап, отаншыл болады. Осы бағытта Түркістан облысында түрлі шаралар тұрақты өткізіліп келеді.
Түркістанда әйгілі күйші-композитор Қазанғап Тілепбергенұлының туғанына 170 жыл толуына арналған «Жырлайды Арал перзенті» тақырыбында әдеби сазды кеш өтті. Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен іс-шараны «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан және кітапхана директоры Жанат Шардарбекова ашып берді.
Мазмұнды кеш барысында Түркістан қалалық балалар саз өнер мектебінің домбыра пәні мұғалімі, оркестр жетекшісі, дирижер, түрлі байқаулардың лауреаты Ерлан Жақыпбеков пен күйші, «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің «Алқоңыр» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі Бауыржан Садыбеков қонақ болып, қазақтың белгілі күйшісі Қазанғап Тілепбергенұлының өмір жолынан түрлі ақпараттар айтты. Шығармашылығынан керемет күмбірлі күйлерін орындады. Кітапхананың бұқаралық көрмелік іс-шаралар секторының меңгерушісі Пернекүл Нәлтаева модератор болып, кештің ажарын ұтымды пікірлерімен аша түсті.
Іс-шарада арнайы кітап көрмесі жасақталып, келушілерге таныстырылды. Арнайы дайындалған бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды. Әдеби сазды жиын барысында Қазанғаптың ел аузында жүрген әйгілі күйлері орындалып, тарих қойнауында қалған асыл мұралар кеш қонақтарының санасына терең ұялады.
Сол сияқты жуырда композиторларға арналған «Түркістаным – Тұраным» атты республикалык байқау ұйымдастырылған болатын. Түркістанға арналған әндердің дүниеге келуіне ықпал етіп байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 41 композитор өз шығармаларын ұсынды.
Солардың қатарында әуесқой сазгер, Шардара ауданы Алатау батыр ауылының тұрғыны Молдағұлов Ахмет Мамырұлы жерлес ақын, Сәбит Лахановтың сөзіне жазылған «Түркістан – байтақ Тұраным» атты әнін бәйгеге қосқан еді. Қазылар алқасының шешімімен А.Молдағұловтың әні жүлделі 3-орынға ие болды. Байқауда Нұрлыбек Аманов бас жүлде, Бағлан Омаров I орын, Шерхан Әлібеков пен Құралай Сәтмұхамбетовалар ІІ орын иеленді.
Жүлдегерлер 25 қыркүйек күні сағат 17:00-де Түркістан каласында ѳткізілетін республикалық «Түркістан дауысы» ән байқауы аясында марапатталады.
Республикалық «Түркістан дауысы-2024» жас орындаушылар байқауының жеребе тарту рәсімі өтті. Түркістанның өз қолтаңбасына айналған бұл сайыс биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Ән додасына еліміздің барлық өңірінен 18 үміткер бақ сынауға келген. Олар алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, қаланың көрікті орындарын аралады. Содан соң Этноауылдағы үлкен киіз үйде ұлттық сусын мен бауырсақ ұсынылып, салт-дәстүр көріністері көрсетілді. Сыр сандықтан асық алып, реттік нөмірлерін анықтады. Қатысушылар өзара танысып, бір-бірлеріне сәттілік тіледі. Ауылдың алты ауызы ретінде ән шырқалып, дәстүрге сай бата берілді.
18-35 жас аралығындағы қатысушылар – эстрадалық жанрда ән шырқап жүрген, үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар, басқа да республикалық, ұлттық ән байқауларында жетістікке жеткен өнер иелері. Байқау мақсаты – шығармашыл, дарынды жастарды анықтау, олардың өнеріне қолдау көрсету, рухани және мәдени құндылықтар алмасу, қазақ музыкасын насихаттау.
Түркістан облысының мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткелі жатқан байқау төрешілері мен кеш қонақтары: Маржан Арапбаева, Бағлан Омаров, Қайрат Баекенов, Мархаба Саби, Қайрат Мырзахан және Bytanat.
Түркі әлемінің туристік астанасына айналған киелі өңірдің рухани-туристік әлеуетін одан әрі танытатын байқау қыркүйек айының 25-26 күндері сағат 18:00-де «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өтеді.