КЕЛЕСТІК ОҚУШЫ ДУБАЙҒА ЖОЛДАМА ЖЕҢІП АЛДЫ

0
66

Қазақстан Республикасында ел болашағы – жас ұрпақтың білімді де білікті, тәлімді де тәрбиелі болып өсіп, мектеп қабырғасынан бастап жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалынуда. Білім беру саласындағы әлемдік озық тәжірибелер мен методикалық әдістер меңгеріліп, ғылым мен білім жетістіктері, электроникалық, цифрлық технологиялар енгізіліп шәкірттердің халықаралық деңгейдегі білімстандарттарын меңгеруіне мүмкіндік жасалынуда. Соның арқасында қазақстандық мектеп оқушылары жыл сайын көптеген облыстық, республикалық, аймақтық, дүниежүзілік пән олимпиадаларына қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Олардың арасында түркістандық мектептердің оқушылары да жеткілікті. Солардың қатарында келестік мектеп оқушысы да бар.
Түркістан облысының Келес ауданына қарасты №4 Жүсіп Баласағұн атындағы жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Тұрсынбаева Тоғжан Ерболқызы “Зерделі” ақыл-ой дамыту мектебінің бас жүлдесіне ие болып әлемге танымал Дубай қаласына демалуға жолдама жеңіп алды.
Осылайша Түркістан облысы бойынша жалғыз жеңімпаз аудан абыройын асқақтатты. Жас шәкірт болашақта дипломат болғысы келетіндігін айтады.
— Ұлттық бірыңғай тестілеуде дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі пәндерін таңдадым. Болашақта дипломат болғым келеді. Дубайға “Зерделі” оқу орталығының адамдарымен барамын. Бұл жоба негізінен балалардың оқуға деген қызығушылығы, зейінін арттыру үшін дайындалған, — дейді Тоғжан Ерболқызы.
Бүгінде Тоғжанның анасы өзі оқитын білім ордасында математика пәнінен сабақ берсе, әкесі Түркістан облыстық жастар құрамасының бапкері. Айта кетейік, қазіргі таңда №4 Ж. Баласағұн атындағы жалпы білім беретін мектебінде 600-ден аса оқушы білім алады.