ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНІҢ ТАРИХЫ КЕҢНЕН НАСИХАТТАЛУДА

0
127

Қазақ даласының тарихы мыңдаған жылдармен өлшенеді. Бұдан алты мың жыл бұрын байтақ даламызда алғаш рет адам баласы жылқыны қолға үйретіп, сүтін сауып саумал, қымызын сусын ретінде ішіп, етін азық ретінде жеген. Бұл адамзат дамуындағы ең үлкен жаңалықтың бірі осында бірнеше жыл бұрын әлем ғалымдарының қазақ ғалымдарымен бірлесіп жүргізген зерттеулерінің арқасында мәлім болып, әлемдік ғылымда мойындалды.
Түркістан облысы да халқымыздың көне тарихи жәдігерлеріне бай өлкелердің бірі. Аймақта адамзаттың алғашы дәуірлерінен бастап адамдар мекендегін орындардың қалдықтары, ерте темір дәуіріндегі және Сақ, Қаңлы сияқты көне қағандықтар мен мемлекеттердің бұдан үш мың жылдай бұрынғы кезеңнен бастап, кейінгі кезеңдеріне дейінгі жәдігерлер де көп табылуда.
Жалпы Қазақстан Республикасының алып территориясының қай аймақтарында болсын көне дәуірлерден бергі, орты ғасырлар мен бертінгі ғасырларға дейінгі жәдігерлер мен көне қалалар орындары өте көп. Сол жәдігерлерді байтақ еліміздің бір шетінен екінші шетіне дейін апарып көрмелерде көрсетіп, таныстыру арқылы қазақ халқының тұтастығы мен бірлігін насихаттап, ұлттық құндылықтар арқылы отаншылдық қасиеттерді арттыра түсу мақсатында Оңтүстік өңірінің бай тархи жәдігерлерін «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының ұйымдастыруымен Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарайшық ауылында орналасқан «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығында «Ордабасы көне заманнан бүгінге дейін» тақырыбында көшпелі көрме өтіп жатыр. Онда Түркістан өңірінің тарихы кеңінен таныстырылуда.
Көрменің ашылу салтанатында «Сарайшық» музей-қорығының директоры, тарих ғғылымының докторы, профессор Мұхтар Әбілсейіт сөз сөйлеп, көрмені ұйымдастырып отырған «Ордабасы» қорығының ұжымына алғысын білдірді. Өз кезегінде Сарайшық ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Хадим Сисенғалиев көрмені ұйымдастырушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар шарада «Ордабасы» тарихи-мәдени қорығының тарихи-мәдени мұраларды қорғау бөлімінің басшысы Жұмабек Ташбаев көрменің өтуіне қолдау білдірген атыраулық әріптестеріне музей басшылығы атынан ризашылықтарын жеткізді.
Көрмеде «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы қорындағы 100-ге жуық археологиялық жәдігер қойылған. Онда тамырын тереңге жайған өңірдің ескерткіштері, көне тас дәуірінен бастап, ерте қола дәуірі, Сақ, Қаңлы, Түркеш, Қарахан дәуірінің құнды жәдігерлері көрермен назарына ұсынылып жатыр.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетіне қарасты «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы 1993 жылы ашылған. Қазіргі таңда жалпы қорда 1500-ден астам жәдігер бар. Негізгі қор 300-ге жуық әр кезеңді қамтитын жәдігерлерден тұрады.