ДӘРІГЕРЛЕР 13 ЖАСАР ҚЫЗДЫ АЯҚҚА ТҰРҒЫЗДЫ

0
46

Елімізде денсаулық сақтау саласына соңғы жылдары реформа жасалынып, медициналық қызмет сапасын көтеру бойынша да инновациялық шешімдер алынуда. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да денсаулық сақтау саласына арнайы тоқталып, халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыра түсу үшін дәрігерлердің біліктілігін, кәсіби шеберлігін арттырып, медицина саласының озық технологиялары мен техникаларын, құрал-жабдықтарын меңгеруді тапсырды. Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар ойдағыдай жүргізіліп, денсаулық сақтау саласында нәтижелі жұмыстар атқарылып, озық технологиялар енгізіліп, дәрігерлер біліктілігін арттыруда.
Таяуда Түркістан облыстық балалар ауруханасына Сарыағаш қаласынан 13 жасар қыз баласы жеткізілген. Ауыр халде түскен пациентте қимыл қозғалысының шектелуі, аяқ-қолдарының салдануы, жамбас қуысының функциясының бұзылыстары байқалған.
Жағдайының ауырлығына байланысты науқас жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызылды. Бұл жағдай өте қауіпті және шұғыл медициналық араласуды қажет етеді. Жоғары технологиялық тексерулер өткізген дәрігерлер науқасқа «Жедел таралған энцефаломиелит» диагнозын қойды.
Мұндай сирек кездесетін неврологиялық бұзылыс көбінесе вирустық немесе бактериялық инфекциядан ауырып өткеннен кейін 7-14 күн аралығында пайда болады, дейді мамандар.
Дер кезінде сырқаты анықталған науқасқа дәрігерлер иммуномодуляторлар, қабынуға қарсы препараттар емін жасаған. Нәтижесінде, емделушінің денсаулық жағдайы жақсарды. Барлық бұлшықет күші, қимыл-қозғалысы қалыпқа келе бастады. Аяқ-қолы салданып қалған жасөспірімге Түркістан облысының штаттан тыс бас балалар неврологы Әлібаев Әбілқайыр және жансақтау бөлімінің меңгерушісі Абетаев Нұрлыбек емдеу шараларын жүргізіп, оң нәтиже берді.
Осылайша, Түркістан облыстық балалар ауруханасының жоғары білікті дәрігерлері науқас өмірін құтқарып, оны қалыпты өмірге қайтарды.