АРЫСТА КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қазақстан Республикасында мемлекеттік демографиялық саясаттың басты мақсаттарының бірі қазақстандықтардың бала тууының деңгейін өсіру болып табылады. Себебі әлем бойынша тоғызыншы орынды алып жатқан байтақ территориямызға қоса қазіргідей нарық заманында тұтынушылар ортасын қалыптастыру, жұмыс күшін толықтыру, тағы басқа да көптеген мәселелер елдің демографиялық жағдайына да байланысты болады.
Түркістан облысы тұрғындарының санының көптігі жағынан да, бала туу көрсеткіші жағынан да еліміздегі алдыңғы орындардағы аймақтың бірі болып саналады. Өйткені, Түркістан облысының өңірлерінде қазақы қаймағы бұзылмаған, ұлттық және отбасылық құндылықтарды сақтап, жаңғыртып келе жатқан отбасылары көптеп саналады. Сондықтан да, облыста көпбалалы аналар қатары көбейе түсуде.
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен марапатталған қаланың бірқатар көпбалалы аналарын құттықтап, «Алтын алқа», «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын табыстады.
Төсбелгілерді тақпас бұрын қала басшысы ананың, әйелдің қоғамдағы орны туралы айтып, барлық нәзікжандыларды бүгінгі салтанатпен құттықтады.
«Қоғамда көпбалалы аналарға көрсетіліп жатқан қамқорлық жыл санап артып келеді. Арыста Сіздердей бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін ақ жаулықты аналар, оның ішінде көпбалалы қыз-келіншектер көп болғай. Әрбір шаңырақта татулық, береке, ырыс-ынтымақ болсын», — деп сый-сияпатын табыс етті.
Салтанатты шарада үш ана «Алтын алқа» иегері атанса, жеті ана «Күміс алқа» тағынды. Мемлекеттік наградаға ие болған аналар арасында жеке кәсіпкерлер, үй шаруасындағы әйелдер, аспаздар және басқа да сала мамандары бар.