ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасында білім саласына, жастар мен жасөспірімдер саясатына ерекше назар аударып келеді. Өйткені жас ұрпақ –ел болашағы. Сондықтан да мемлекеттің іргетасы мықты болып, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына жетуі үшін, халқының әлеуметтіктұрмыстық жағдайы жоғары болуы үшін мектеп қабырғасынан бастап жүйелі түрде заманауи білім беру ұйымдастырылуы қажет. Білім стандарттары халықаралық талаптарға сай болып, оқытудың ең озық әдістері қазақстандық білім беру саласына енгізілуі тиіс.
Сапалы білім беру – қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының негізі. Ол жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, кәсіби біліктілігін көтеруіне, сыни тұрғыдан ойлау қабілетін қалыптастыруға, өзін-өзі жетілдіруге ықпал етеді. Білім саласы туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында тілге тиек етті.
Жолдауда білім саласына көп көңіл бөлінген. Білім беру жүйесінің сапасы жоғары болған сайын, қоғамның инновациялық әлеуеті де арта түседі. Жолдаудағы басым бағыттар жөнінде пікір алмасу мақсатында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Түркістан облысының білім саласы қызметкерлерімен кездесті. Кездесуді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жүргізіп отырды.
Кездесуде Жолдау аясында елімізде іске асырылатын жоспарлар, білім саласының дамуына қатысты мәселелер айтылды. Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Жолдауларында адал адам, әділетті қоғам орнату мәселелеріне басымдық бергеніне тоқталды. Білім саласындағы мемлекеттік саясатты сапалы іске асыру мақсатында ғылым мен білімге, тәрбиеге үлкен мән беру керектігін жеткізді. Әділетті Қазақстанды құруда, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда, қоғамды дамытуда мұғалімдердің рөлі айрықша екенін алға тартты.
Жолдауда мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселесі де сөз болды. Бұл бағытта Түркістан облысы әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен облыс мұғалімдері мен әдіскерлері Жапонияда Лессон стади әдісін, АҚШ-та инклюзивті білім беру және Қытайда техникалық және кәсіптік білім беру бағытында тәжірибе алмасты. Бұл жұмыс жаңа оқу жылында да жалғасын тауып, педагогтар Франция, Малайзия, Финляндия елдерінде арнайы тәжірибелік курстардан өтетін болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы Түркістан облысында қарқынды жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта биыл 29 Жайлы мектеп құрылысы жүргізілуде.
Қорыта айтқанда, Жолдау аясындағы білім беру саласы жоспарға сәйкес жұмыстап жүргізілуде. Жолдау арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру, әлеуметтік жағдайын жақсарту, қоғамның өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жанданбақ.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Түркістан осы сапары барысында Түркістан облысының жастарымен кездесті. Жиынға Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев модераторлық етті. Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы аясында елімізде іске асырылатын жобалар жөнінде айтылды. Сонымен қатар, 6 қазан күні өткелі отырған республикалық референдумға жастарды белсенді қатысуға шақырды.
Жиында «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман мен Қазақстан студенттері Альянсының облыстық өкілдік төрағасы Дінмұхаммед Үмбетұлы Мемлекет басшысының әрбір бастамасын қолдайтындықтарын жеткізді. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін қабылданған маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен саяси құжаттардың жалғасы ретіндегі бұл Жолдау облыс жастарына ерекше серпін бергендігін айтты. Кездесу соңында жастар өз сауалдарын қойып, пікір алмасты.
Бұдан бөлек, Мәлік Нұржанұлы кітапхананы аралап көрді. Заманауи технологиялармен қоса, биылғы жылы оқырман игілігіне берілген Мархабат Байғұт және Өзбекәлі Жәнібек залдарымен танысты. Атқарылып жатқан жұмыстарға оң пікірін білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Кітапхана директоры Жанат Шардарбекова құрметті қонаққа кітапхананың төл туындысы Өзбекәлі Жәнібек туралы мақалалар жинақталған «Арда туған Өзағаң» кітабын және «Түркістанның туристік нысандары», «Түркістан» энциклопедиясы сынды бірнеше кітапты сыйға тартты.