ҚАРТТАР ЖӘНЕ ЕҢБЕК КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МӘДЕНИ ІС-ШАРА ӨТТІ

Қазақ халқы қарияларын құрметтеп, өмірлік тәжірибесі мен түйгендерінен үйреніп, жас ұрпаққа тәлім ретінде насихаттап келе жатқан ұлттардың бірі саналады. Сондықтан да Қарттар күні мерекесі қарсаңында Түркістан облысының өңірлерінде көптеген мәдени-танымдық іс-шаралар өткізілуде.
Сауран аудандық әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұйымдастыруымен 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай, «Қарттарым асыл — қазынам» және «Еңбек күніне» арналған мәдени іс-шара болып өтті. Шараға аудан әкімі аппаратының басшысы Бахытжан Полатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек қатысып, жиналған көпшілікті алдағы келе жатқан төл мерекелерімен құттықтап игі тілектерін білдірді.
Шарада қарттарға арналып, мерекелік концерттік бағдарлама жиналған көпшілікке ұсынылды. Қоғамның ізгілігі – балалар мен қарттарға жасалған қамқорлықпен бағаланатыны бұлжымас ақиқат. Қазақ халқында «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» деген тәмсіл бар. Бәріміз білетін және жиі айтатын бұл сөз халқымыздың қадірлі ұғымының бірі. Өмірден көрген түйін, тұрмыстан көрген тәжірибе бағалы сөздің қадірін баршаға ұғындырарлық қасиетке ие болады.
Мерекелік жиын соңында аудан әкімі аппаратының басшысы Бахытжан Полатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов қазыналы қарияларымызға аудан әкімінің алғыс хаттарын табыстап естелік суретке түсті.
Сол сияқты Түркістанның өз қолтаңбасына айналған мәдени іс-шаралар қатары артып келеді. Соның бірі республикалық «Түркістан дауысы-2024» жас орындаушылар байқауы. Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған ән додасы облыс орталығында бастау алды.
Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов сөз сөйлеп, іс-шараның маңызы мен мақсатына тоқталды. Қатысушыларға сәттілік тілей отырып, жақында өткен «Түркістаным – тұраным» композиторлар байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Жеңімпаздар арасынан Сауран аудандық мәдениет үйінің қызметкері, композитор Шерхан Әлібеков оза шауып, өнерімен көрерменді тәнті етті. Аталмыш шарада Бекмұрат Анарбаевтың сөзіне жазылған Шерхан Әлібековтің «Тұғырлы Түркістан» әні жүлделі ІІ орынға ие болды.
Байқауға Маржан Арапбаева, Бағлан Омаров, Қайрат Баекенов, Мархаба Саби, Қайрат Мырзахан және Bytanat, Мейіржан Алиакбаров әділ қазылық жасайды. Жүлделі орындарды анықтау барысында қазылар алқасы үміткерлердің орындаушылық шеберлігіне, дауыс диапазонына, әннің байқау шартына сәйкестігіне, музыкалық өңдеуіне, ән мәтіні мен әуенінің мазмұндылығына, орындаушылардың сахна мәдениеті мен киім үлгілеріне, музыкалық сүйемелдеудің жазылу сапасына баса назар аударатын болады.