РЕСПУБЛИКА ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНДІ

Таяуда ғана Көшпенділер ойынын өткізген Қазақстан Республикасында ұлттық құндылықтар, оның ішінде ұлттық спорт түрлері мен ойындарды егемендік алғалы бері жаңғыртып, дамытып, кейбір ұлттық спорт түрлерін халықаралық, дүниежүзілік деңгейге дейін көтерді. Өйткені, еліміздің барлық аймақтарында да ұлттық спорт түрлеріне ерекше назар аудаылып, көптеген насихаттық, ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Солардың нәтижесінде бүгінде көптеген ұлттық спорт түрлерінен балаларға арналған спорттық мектептер, спорттық клубтар, үйірмелер ашылып, онда мыңдаған бала жадын жаңғыртып, бабалар ойнаған ойындарды үйреніп, шеберліктерін шыңдауда.
Қыркүйек айының 20-22 күндері Қызылорда облысы Арал ауданында Асық ату мен Бес асық спортынан 2004-2007 жылы туылған жастар арасындағы жекелей және командалық Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген үздік спортшылар белсене қатысып, үлкен дәрежедегі жарыс өтті. Аталған жарысқа “Шардара аудандық ұлттық спорт және өнер клубы” спортшылары — Саду Ерболат асық ату спортынан алтын алқаны иеленіп, Қазақстан чемпионы атанса, бес асық спортынан — Жексенбай Жасмин күміс алқаны қанжығалады.
Спортшыларымыз бен жаттықтырушылары — Халбай Әмірхан мен Жаңбырбай Елдосты жетістіктерімен құттықтай отырып, алдағы уақытта болатын жарыстарға сәттілік тілейміз.
Сондай-ақ, көптеген этнос өкілдері тұрып жатқан Сарыағаш ауданында да бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлінген. Сонымен қатар, спорттық іс-шараларды әртүрлі этностарды қазақ халқының айналасына топтастырып, ынтымақ пен бірлікті насихаттауға да пайдаланады. Түрлі этностар өкілдері қатысқан жарыстардың бірі – «Достық кубогі» таяуда Жібек жолы ауылында өтті.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың Жібек жолы ауылына арнайы бекіткен сауықтыруға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, жастардың уақытын тиімді өткізу, бұқаралық спорт түрін тұрғындар өміріне бейімдеу, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ауданда спорттың волейбол түрінен «Достық кубогы» өтті.
Аудандық сайысқа түрлі ұлт өкілдерінен құралған 9 команда қатысып, өзара сайысқа түсті.
Сайыс нәтижесі бойынша: І орынды Қапланбек командасы, ІІ орынға Ақжар командасы,
ІІІ орынды Алтынсарин командасы иеленіп, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетсек, Сарыағаш ауданында бұқаралық спортты дамыту, денешынықтыру бағытындағы спорт үйірмелерін, тұрғындарға арналған алаңшаларды көптеп ашуға ерекше көңіл бөлініп келеді.