КЕҢЕСШІ ОРГАННЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

0
68

Жаңа Қазақстанды әділ де әділетті, заң мен тәртіпке қатаң бағынатын зайырлы мемлекет етіп құруды Ел басшысы қазақстандықтардың алдына міндет етіп қойды. Өзі бас болып соны жүзеге асыруды қолға алуда. Зайырлы қоғамда азаматтардың барлығы да заң аясында жұмыс істеп, қоғамдық тәртіптер сақталуы тиістігі белгілі. Олай болуы үшін жастарды заңды бұзбауға тәрбиелеп, ал заңдылықты бұзып жазасын өтеп келгендерді қоғамнан оқшауламай, қайта басқалармен бірдей азаматтық құқықтарының сақталуын, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерінің шешімін тауып, отбасында түсіністік болуын қадағалап, қоғамға сіңісіп кетуіне жағдай жасау қажет. Түркістан облысында бұл мәселеде облыстық құқық қорғау органдарының жұмысында әкімдіктердің жанынан құрылған консультативтік-кеңесші органдардың көмегі аз емес.
Сауран ауданы әкімдігі жанындағы жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультативтік-кеңесші органның кезекті отырысы болып өтті.
Жиынды комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев ашып, жүргізіп отырды. Жиынға комиссия мүшелері, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала мамандары қатысты. Комиссия отырысының күн тәртібінде 7 мәселе қаралды.
Комиссияның күн тәртібіне сәйкес, пробация есебінде тұратын тұлғалар туралы жалпы ақпарат бойынша аудандық пробация бөлімінің бастығы, әділет капитаны Мұрат Құрбаналиев, пробация есебінде тұратын тұлғалардың жұмыспен қамтылуы, мемлекеттік гранттар, атаулы әлеуметтік көмек, жұмыс орындарының квоталары, несиелер мен бизнес жобаларға оқыту бойынша аудандық мансап орталығының жұмыс іздеушілерді қолдау және еңбек нарығының ұтқырлығын арттыру бөлімінің басшысы Талғат Исмаханбет, пробация есебінде тұрған тұлғалардың денсаулығы туралы аудандық емхананың салауатты өмір салтын ұйымдастыру жөніндегі дәрігері Динара Ертай баяндама жасады.
Сонымен бірге, пробация есебінде тұрған тұлғалар туралы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Жұмабекова, пробация есебінде тұратын тұлғалардың балалары туралы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мейіржан Әділбеков, ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары Жандос Құрбанәлі, Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Саитов, Шорнақ ауылдық округінің әкімі Бердалы Баймұратов, Шаға ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Айда Сенбекқызы хабарлап өтті.
Комиссия отырысының күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар айтылып, нақты тапсырмалар беріліп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасау міндеттелді. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев қорытындылады.