ОТЫРАРДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕ ӨТІП ЖАТЫР

0
82

Қазақстан Республикасының бүгінгі территориясындағы байтақ та сайын далада мыңдаған жылдардан бері адамзат дамуының қыз-қыз қайнаған ең белгілі кезеңдері өткен. Оңтүстік өңірінде жүргізілген археологиялық қазбалар барысында бұдан екі мың жыл бұрынғы жәдігерлер, қыштан жасалған түрлі құмыралар мен ыдыстар табылып жатыр. Яғни бұдан екі-үш мың жыл бұрын-ақ байтақ даламыз территориясында бабаларымыз қыш-керамикадан тұрмыстық заттарды жасауды меңгеріп, сол сияқты ағаштан түйін түюді де бастаған. Ол үрдіс ерте орта ғасырлардағы Жібек жолының бірнеше тармақтары өтіп жатқан алып территория — Жошы ұлысынан бастау алып, тарихшылар «Алтын Орда» деп атап кеткен алып империяның кезеңінде тіпті дәуірлей түскені белгілі. Мемлекет басшысы айтқандай Жошы Ұлысының басты мұрагері ретінде Қазақстанда Алтын орда тарихын терең зерттеп, қазақстандықтарға насихаттау жолға қойылып келеді. Сол кезеңдегі бұйымдарды бүгінде шеберлер қайта жаңғыртуды жүзеге асырып жатыр.
Қазақ өркениетінің алтын діңгегі Отырарда «Ұлы Жібек жолы бойындағы керамика өндірісі және ағаш ұқсату өнері» тақырыбында республикалық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі жұртшылық назарына ұсынылды. Қазақ елінің өнер майталмандарының арасын жақындата түсетін, ынтымағын нығайтатын, дәстүрлі өнерін ұштастыратын ауқымды іс-шараны Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов және «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Айбек Жандосов ашып беріп, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жәрмеңкенің қадірлі қонағы ретінде шақырылған Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, музей ісінің ардагері Рыскүл Бекталиева және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші, этнодизайнер Кендебай Қарабдалов құттықтау сөз айтып, өз алғыстарын жеткізді. Сосын құрметті қонақтар мен аудан әкімі орынбасары бірге республикалық жәрмеңкені ашып, лентасын қиды.
Шара барысында әділ қазылар алқасы таныстырылды. Олардың қатарында Рыскүл Бекталиева мен Кендебай Қарабдаловтан бөлек, «Тұран-қазақ» суретшілер консолидациясының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, белгілі суретші Әділхан Мәлік, Отырар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Ералы Шоқай бар.
Салтанатты жиын әрі қарай арнайы дайындалған концерттік бағдарламаға ұласты. Содан соң еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 30-дан астам керамика және ағаш ұқсату өнерінің хас шеберлерінің қолөнер бұйымдары таныстырылды. Жәрмеңке барысында шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, көпшілікке атадан мұра болған өнер кеңінен насихатталып, ата-бабаларымыздың жасаған бұйымдарын қайта жаңғыртып жатқан шеберлердің бұйымдарын жұртшылық үлкен әсермен қызықтады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі және Отырар ауданы әкімдігінің қолдауымен, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы ұйымдастырған республикалық жәрмеңке кешке дейін жалғасты. Озық үлгідегі туындылар әділ қазылардың шешімімен сараланып, үздік деп танылған қолөнер шеберлеріне жабылу салтанатында арнайы тағайындалған алғыс хаттар мен жүлделі сыйлықтар табысталды.