«НАШАҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ, БІЗ ӨМІРДІ ТАҢДАЙМЫЗ! ФОРУМЫ ӨТТІ

Президент биылғы Жолдауында «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады» деді.
Түркістан облысы Отырар ауданы әкімдігі мен аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен «Нашақорлыққа жол жоқ, біз өмірді таңдаймыз!» форумы өтті. Шараға Отырар ауданы Прокуратурасы мен полиция бөлімі, Отырар аудандық соты мен кірістер басқармасының өкілдері, мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Форумның шымылдығы «Нашақорлыққа жол жоқ» атты театрландырылған сахналық көрінісімен ашылып, есірткінің зардабын тартқан отбасының өкінішке толы өмірі сахналанды. Өмірінің соңын қайғылы жағдайға жеткізген нашақорлықтың зиянын баяндаған әсерлі оқиға көрермендерді бейжай қалдырмады.
Одан әрі шара барысында аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов арнайы сөз алып, жас ұрпақты салауатты өмірге үндеген шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
Ол: «Нашақорлық — қазіргі қоғамның қасіреті және ең өзекті проблемаларының бірі. Бұл болашағымызға балта шабатын қауіпті індет. Қазіргі таңда бұндай індет пен қоғам болып күресіп, жастар мен балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында бұндай шараның маңыздылығы ерекше. Бүгінде мемлекетіміз ұстанған саясаттың басым бөлігі жастарды жан-жақты қолдап, еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпаққа аса сенім артуда. Сондықтан да біз бұл дерттің өршуіне жол бермеуіміз керек,-деді.
Форумда аудан прокурорының орынбасары Нұрлан Мұстафаев пен полиция бөлімінің бастығы Берік Нышанбаев қоғам назарындағы ғасыр дертіне айналған есірткі, нашақорлық жайында баяндама жасап, есірткіге қарсы күреске бағытталған жұмыстардың барысы туралы атап өтті.
Өз кезегінде форумның спикерлері аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жалғасбай Көлбай, зейнеткер ұстаз Мария Белгібаева, аудандық емхана бас дәрігерінің орынбасары Гүлзира Әжіқабылова, аудандық мәдениет сарайының директорының орынбасары Дәурен Ақсақаловтар өте қажетті мағлұматтар мен профилактикалық сұқбат жүргізіп, өмірлік тәжірибемен ұштасқан үлгі-өнегелерімен бөлісті. Салауатты өмір салтын ұстануға, жаманнан жиренуге шақырды. Қоғамдағы өзекті мәселе болып тұрған есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында өз пікірлерін білдіріп, көпшілікпен пікір алмасты.
Шара соңы Отырар аудандық мәдениет сарайы өнерпаздарының ұсынған концерттік бағдарламасына ұласып, көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданы прокуратурасының үйлестіруімен есірткі затының заңсыз айналымының алдын алу мақсатында «Біздің денсаулығымыз – өз қолымызда» ұранымен «Нашақорлықа жол жоқ» атты акция өткізілді.
Аудан прокуратурасы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен өткен ересектер (ерлер мен әйелдер) арасындағы жалпы халықтық жүгіру марафонына Жетісай ауданының прокуроры Айдархан Жүнісбеков пен аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, 500-ге жуық аудан тұрғындары қатысты.
Жас ерекшелігіне қарай 18-30 жас аралығындағы қатысушылар 3,5 шақырымды, 31-45 жас аралығындағы қатысушылар 3 шақырымды, ал, 45 және одан да жоғары жастағы қатысушылар 2,5 шақырымды бағындырып, көпшілікке үлгі көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша 18-30 жас аралығындағы ерлерден ІІІ орынды Азамат Шымыр алса, ІІ орын Толқын Жамурадовтың, І орын Елдос Базарбайдың, ал, қыз-келіншектер арасында ІІ орын Толқын Шүкірбайдың, І орын Жанар Бектастың еншісіне бұйырды.
Сонымен қатар, 31-45 жас аралығындағы қатысушылардың ішінде ІІІ орынды Мадияр Айдаров еншілесе, ІІ орынды Әбілқасым Төлентай, І орынды Бекзат Бахтияр, әйелдер арасында ІІІ орынды Динара Умирова, ІІ орынды Назерке Байсейтова, І орынды Гүлмира Мыңжасарова иеленді.
Ал, +45 жас аралығындағы 2,5 шақырымдық мәрені бірінші болып Жексенбай Налтаев кесіп өтсе, ІІ орын Сухроб Орзуевтың, ІІІ орын Марат Ашимовтың, әйелдер арасында ІІІ орын Алтма Тұңғышбаеваның, ІІ орын Гулайм Абдукасимованың, І орын Гүлнар Мұсабекованың қанжығасына байланды.
Марафон соңында жеңімпаз желаяқтар ұйымдастырушылардың арнайы дипломдары мен медальдарына, бағалы сыйлықтарына ие болды.