НАШАҚОРЛЫҚ, АЛАЯҚТЫҚ ПЕН ҰРЛЫҚ-ҚАРЛЫҚПЕН КҮРЕС КҮШЕЮДЕ

Қазақстан Республикасының Президенті биылғы жылға арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын Жолдауында Жаңа Қазақстан құруда бастысы заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің маңыздылығын айта келіп «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады» деп бұл салада жұмысты жандандыра түсудің мағыздылығын апат көрсетті. Түркістан облысында есірткіге, нашақорлық, лудомания, алаяқтық, тағы басқа да қоғамдағы, әсіресе жастар арасындағы үлкен дертке айналып келе жатқан жағымсыз құбылыстармен күресте әралуан шараларды ұйымдастыру, нашақорлық, алаяқтық пен ұрлықтың алдын алу мен жолын кесу бойынша жоспарлы түрде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Көптеген форумдар, акциялар мен кездесулер өткізіліп бұл келеңсіз әдеттердің адамдардың тағдырын тәлкекке ұшыратындығы түсіндіріліп, ата-аналардың баласын дұрыс тәрбиелеу мәндеті мен оларды теріс жолдан сақтандырудағы міндеттері таныстырылып, жасөпірімдерді бұқаралық спортқа қызықтыру үшін түрлі спорттық шаралар да ұйымдастырылып, өткізілуде. Құқық қорғаушылар бұл істерде қоғам өкілдерімен, білім, денсаулық салаларының өкілдерімен бірлесіп жұмыс жасауда.
Нашақорлықтың алдын алу мақсатында Кентау қаласының полицейлері мыңдаған оқушылардың ата-аналарымен кездесулер өткізіп, есірткінің зияны, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы түсіндірді.
Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері қаладағы білім ошақтарында оқитын жоғары сынып оқушыларының ата-аналарымен кездесті.
Жиналыста сөз сөйлеген полиция бөлімі бастығының орынбасары Азамат Сәрсенқұлов жасөспірімдердің қауіпсіздігіне және қазіргі уақытта қоғам дертіне айналған кәмелетке толмағандар арасындағы «синтетикалық есірткінің» таралуын болдырмауға, сондай-ақ балаларды тәрбиелеуге назар аудару қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ ата-аналарға қылмыстық және әкімшілік кодекстің нормалары, олардың бала тәрбиесіне жауапкершілігі түсіндірілді, балаларының мінез-құлқына назар аударуға, олармен көбірек қарым-қатынас жасауға және бос уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасауға шақырды.
Айта кеткен жөн, мұндай кездесулер Түркістан облысындағы барлық оқу орындарында өткізілуде.
Полицейлер нашақорлық пен алаяқтықтың алдын алу бойынша жасөспірімдермен, студенттермен кездесулер өткізуде.
Жастар арасында нашақорлық пен маскүнемдіктің алдын алу, сондай-ақ жастарды спортқа баулу мақсатында Кентау қаласының полицейлері студенттермен кездесу өткізді. Іс-шараға Кентау қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары Азамат Сәрсенқұлов, мектеп ұжымы мен студенттер қатысты.
Кездесуде жастардың өмір салты, елдегі нашақорлықтың алдын алу және статистикалық көрсеткіштер талқыланды. Сондай-ақ есірткі мен жасөспірімдер қылмысы мәселелері, кәмелетке толмағандар арасында нашақорлықтың қалыптасуына ықпал ететін факторлар айтылды.
Спикерлер жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға, салауатты өмір салтын ұстануға және бос уақытын пайдалы істерге арнауға шақырды.
Соңында студенттерге нашақорлық пен интернет-алаяқтықтың салдары туралы бейнероликтер көрсетілді, сондай-ақ нашақорлық пен интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша мыңнан астам брошюралар таратылды.
Жыл басынан бері барлығы 1200-ге жуық жас профилактикалық іс-шаралармен және дәрістермен қамтылды.
Ал, Ордабасы аудандық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында дүкен ұрлығына қатысы бар жас жігітті қолға түсірді.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті таңға жуық уақытта пластик терезені ашу арқылы азық-түлік дүкеніне кіріп, кассада тұрған 100 000 теңге ақшаны алу барысында ұсталған. Ұрлық фактісі дүкендегі бейнебақылау камерасына түскен.
Күдіктінің аталған оқиғаға дейін осы дүкенге 3 рет ұрлық жасағаны белгілі болды. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.