МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ

Қазақстан Респуликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы білім беру, мәдениет және спорт нысандарын аралап көрді. Сондай-ақ бірқатар кәсіпорынға барып, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысты.
Президенттің Түркістан облысына жұмыс сапары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды. Бұл оның ұлттық құндылықтарды құрмет тұтып, салт-дәстүрлерді сыйлайтынын көрсетті.
Мемлекет басшысы ақын, ғұлама, бүкіл түркі дүниесіне ортақ рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің және кесене аумағында жерленген басқа да тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген кесенеде жүргізіліп жатқан кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде баяндалды.
Мемлекет басшысы алдымен өзі ерекше мән беріп отырған білім саласына қатысты мекемемен танысты. Түркістандағы «Білім-Инновация» лицей-интернатына баған
Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқу орнындағы білім беру процесінің ерекшелігі мен оқушылардың ғылыми-зерттеу жобалары таныстырылды.
Лицейде жаратылыстану-математика бағытына басымдық беріледі. Атап айтқанда, физика, химия, биология, математика және информатика пәндері бойынша сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Ұстаздар оқушылардың академиялық жетістіктеріне ден қояды. Нәтижесінде олар республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында және спорт сайыстарында үздік атанып жүр.
Жыл басында жаңа ғимарат пайдалануға беріліп, лицей-интернат Кентаудан Түркістан қаласына көшірілген. Қазір мұнда 500-ден астам оқушы білім алып жатыр.
Президент оқу және үйірме кабинеттерін, спорт залын аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті.
Мемлекет басшысы еліміздің келешегі жас ұрпақтың қолында екенін айтып, олардың денсаулықтары мықты, оқуда озат болуына тілектестік білдірді.
Бүгінде Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 14 мың оқушыға арналған 29 мектеп салынып жатыр. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық бойынша істі болған тұлғалардан тәркіленген қаржыға өңірде 20 білім беру нысаны бой көтереді. Оның 13-і биыл пайдалануға берілмек. Жыл соңына дейін облыстағы 4 апатты және үш ауысымды 5 мектептің мәселесі толығымен шешіледі.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздегі спорт мәселесіне қатты көңіл бөліп, бұл салаға заң мен реформа қажеттігін де айтқан болатын. Облысқа жұмыс сапары барысында
Президент Түркістан қаласындағы Мұз сарайын аралап көрді.
Заманауи үлгіде жабдықталған кешенде шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей сияқты қысқы спорт түрлерімен жыл бойы айналысуға қажетті барлық жағдай жасалған.
Нысанда Италия, Канада, Германия, Финляндия елдерінде шығарылған қондырғылар мен жабдықтар орнатылған. Арнайы технология алаңның пішінін өзгертуге мүмкіндік береді. Сол арқылы мұз айдынында бір мезгілде бірнеше спорт түрімен шұғылдануға болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мұз сарайын аралап көріп, балалардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ бапкерлермен және спортшылармен кездесті.
Президент отандық спортшыларды әрдайым қолдайтынын, жетістіктерін бақылап отыратынын айтып, оларға сәттілік тіледі.
Жергілікті «Turan Tigers» хоккей клубының спортшылары Мемлекет басшысына команданың жейдесін сыйға тартты.
Жалпы, Түркістанды әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сай облыс орталығында «Түркістан-арена» стадионы, көпбейінді «Олимпик» орталығы және Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, «Тұран» футбол академиясының ғимараты бой көтерген. Сонымен қатар 7 теннис корты салынып, жалпы ұзындығы 51 шақырым веложол төселген.