ӘЛЕМ ТІЛДЕРІНЕН 100-ДЕН АСА ӨЛЕҢДІ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРҒАН

Қазақстанда мемлекетті құраушы ұлт – қазақ ұлтымен қоян-қолтық, аралас-құралас болып жүзден астам этностардың өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың көпшілігі біртіндеп мемлекеттік тіл – қазақ тілін өз ана тіліндей жетік меңгеріп алған. Өйткені, Қазақстан Республикасының болашағы қазақ тілінде. Мемлекеттік тіл қазақстандықтарды ұйыстырушы, біріктіруші тіл болғандықтан оны білу ата заң бойынша әр қазақстандық азаматтың міндеті болып табылады. Болашақта Қазақстандағы достықтың, ұлтаралық қарым-қатынастың тілі біртіндеп мемлекеттік тіл болады. Қазақстандықтардың арасында мемлекеттік тілді ана тіліндей жетік әрі тез меңгеріп алуға бейім ұлттар түбі бір, тілі ортақ түркі тілдес халықтардың өкілдері, қазақ ұлтының өкілдері де өзге түркі тілдерін тез меңгеріп алады. Солардың бірі келестік қазақ және өзбек тілдерін, бірқатар түркі тілдес халықтардың тілдерін еркін меңгерген Рабия Дустанова.
Түркістан облысының Келес ауданындағы №8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дустанова Рабия Қамшыбекқызы қазақ классик ақындарынан және қазіргі қазақ поэзиясынан 135 өлеңді өзбек тіліне аударған, сонымен қатар түрік, әзірбайжан, құмық, өзбек, қарақалпақ, орыс тілдерінен 111 өлеңді қазақ тіліне де аударған.
Дарынды мұғалім Қазақстанға 2000 жылдардың басында көшіп келген. Қазіргі таңда аталған білім ордасында жас өрендерді тәрбиелеп, балаларға сапалы білім беруде.
— Жас кезімнен ақындық өнерге қатты қызықтым. Бүгінгі күні балаларға өзбек тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Сонымен қатар сабақ барысында әлем ақындарының өмірі мен шығармашылығын зерттейміз. Қазақ тілінен өзбек тіліне Мұқағали Мақатаевтың шығармаларынан 50 өлең, басқа қазақ классик ақындарынан 41 өлең, заманауи қазақ поэзиясынан 44 өлең, жалпы 135 өлең аудардым. Өзбек тілінен қазақ тіліне болса Умида Абдуазимовадан жеке аударма кітапта 44 өлең, басқа өзбек ақындарынан 52 өлең, қарақалпақ тілінен Бердақтан 1 өлең, орыс поэзиясынан 6 өлең, құмық тілінен 5 өлең, түрік және әзірбайжан тілінен 2 өлең аударғанмын. Әлі де шығармашылық ізденістемін, — дейді Робия Қамшыбекқызы.
Бүгінде ұлағатты ұстаз облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен форумдарға қатысып тұрады. Ақын ұстаздың жинақтары Түркия, Өзбекстанда басылған жинақтарға да енген. Айта кетейік, Келес ауданының білім бөліміне қарасты 63 білім ошағы болса, онда 4 007 педагог оқушыларға білім нәрін беруде. Соның ішінде педагог-модератор санатындағы мұғалімдердің саны 864-ті құрайды. Сонымен қатар 1 144 педагог-сарапшы болса, 762 мұғалім педагог-зерттеуші болып қызмет атқарады. Шебер педагогтердің саны 32-ні құрап, 1 257 кіші қызметкер білім саласында еңбектенеді.