“ЖАС САРБАЗ – МӘҢГІЛІК ЕЛ ҰЛАНЫ» ӘСКЕРИ ПАТРИОТТЫҚ САЙЫСЫ ӨТТІ

Қазақстан Республикасының айналасындағы елдер ғана емес дүниежүзінің көптеген аймақтарында геосаяси ахуал құбылмалы болып, мемлекеттің қауіпсіздігі мәселесіне тұрақты көңіл бөлу қажеттігі мен қорғаныс қабілетін күшейту міселесі бүгінде өзекті болып тұр. Егемендігін дариялағалы бері Қазақстанда мемлекеттік қорғаныс мәселесі, жастарға патриоттық тәрбие беру мен азаматтардың, жас ұрпақтың отаншылдық рухын көтеру мәселесі әрдайым назардан тыс қалған емес. Мемлекет тарапынан және қоғамдық, жастар, әскери-патриоттық ұйымдар тарапынан да жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарыту бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Таяуда Сауран ауданында ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық» орталығының ұйымдастыруымен мектеп оқушылар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, әскери патриоттық жұмыстарды жандандыру, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің және әскери қызметінің мәртебесін көтеру мақсатында жастар арасында аудандық «Жас сарбаз – мәңгілік ел ұланы» атты әскери патриоттық сайысы болып өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің басқарма бастығы, полковник Дилмурад Нұржанов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, Түркістан облыстық әжелер алқасының төрайымы Балымхан Бәйтенова, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» кеңесінің төрағасы Тілес Ақай, аудандық мәслихат депутаты Сәбит Рысбеков, республикалық жас сарбаз әскери патриоттық қозғалысының Түркістан облысы бойынша филиал төрағасы Аружан Шекербек қатысып, игі тілектерін білдірді.
“Болашақтың кілті, елдің ертеңі — білімді жастардың қолында. Жастар – тәуелсіздігіміздің биік тұғыры деуге толық негіз бар. Мемлекет пен ұлт болашағы жастарға тікелей байланысты. Осы тұста бүгінгі өткізіліп отырған әскери сайыстың басты мақсаты — жастардың патриоттық және ұлттық идеологиялық тұрғыдан Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне деген кұрметін, әскери борышын өтеуге, жан-жақты әскерге дайындауда оң пікір қалыптастыруға, тәрбиелеуге бағытталып отыр. Әрбір жас өзінің туған Отанын жанындай сүйіп, танып, өсуі қажет. Сонда ғана жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемелдене түсетін болады”, — дейді Бақытжан Кеңесбекұлы.
Сонымен өткізілген әскери патриоттық сайысқа Сауран ауданына қарасты жалпы білім беретін мектептер қатысып, солардың арасында іріктеу сайысы өткізіліп, 36 команда қатысты. Ақтық сынға 8 команда іріктеліп, өзара бақ сынады. Іріктеліп шыққан №2 ЖББМ, Ы.Алтынсарин, А.Югнаки, Молда Мұса, Әль-Фараби, Төле би атындағы жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары сайысқа түсті. Сайыс өте тартысты өтіп, нәтижесінде 1-ші орынды Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушылары иеленсе, 2және 3-ші орындарды А.Югнаки мен Молда Мұса атындағы мектептердің оқушылары өзара бөлісті. Сайыстың жеңімпазы мен жүлдегерлеріне қаржылай сертификаттар табысталды.